Павлодар облысында жол бойындағы алты камераны сындырған ер адам ұсталды
Павлодар облысында Омбы – Майқапшағай автожолындағы алты бейнебақылау камерасын әдейі бүлдірген күдікті қолға түсті.
Оқиға кезінде ол мотоциклмен келіп, жол бойындағы аркалы құрылымға орнатылған құрылғылардың корпустарын зақымдаған.
Ер адамның әрекеті сол маңдағы бейнебақылау жүйесіне түсіп қалған. Камералардың сыртқы бөлігіне зақым келгенімен, жол ережесін бұзуды тіркейтін құрылғылар жұмысын тоқтатпаған.
Полиция жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталды. Ол жақын маңдағы елді мекендердің бірінде тұратын 31 жастағы азамат болып шықты.
Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі анықталған.