Павлодарда экология жылы: 6,5 мың ағаш оталады
Биыл Палодар облысында «Экология жылы» деп жарияланған. Алайда, облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында Ертіс өзені бойындағы 6,5 мың ағашты шауып тастау туралы шешім қабылданды.
Жергілікті шенеуніктер академиялық есу спортына арналған бұрынғы есу каналын кеңейту мақсатында осындай шешім қабылдаған.-Келісемін спорт жастардың болашағы үшін қажет. Бірақ, мұндай жолмен емес. Жайқалып тұрған сап-сау ағаштарды бір сәтте отап тастамақ. Бұл жақсылыққа әкеледі деп ойламаймын,- дейді «ЭКОМ» БҚ жетекшісі Светлана МОГИЛЮК. Ал академиялық есу спортын 20 жылдан кейін қайта қолға алған атқамінерлер Усолка шағын ауданындағы бұрынғы есу каналын тазартып қойған. Осы спорт түрінің шеберлері болса алдағы уақытта мұнда болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге әзір екен. Бұл жерде отбасымен күнде серуендейтін тұрғындар мыңдаған ағашты бір сәтте қырып тастау барып тұрған айуандық деп санайды. -Бұл мүлде дұрыс емес нәрсе.Оқушыларға ағашты сындырмаңдар, табиғатты аялау керек деп үйретеді. Ал өздері қаншама ағашты бір күнде шауып тастамақшы. Бұл нағыз қатыгездік деп санаймын,- дейлі көпбалалы ана Светлана КУЗИНА. — Қаншама ағашты аяусыз шауып, спортты дамытпақшы. Ол үшін басқа жер табылмады ма? Зауыттардың кесірінен онсыз да ауа ластанып жатыр. Енді осы ағаштарды құрту ғана қалды. Артық қыламыз деп, тыртық қылмаса болмағаны әйтеуір,- дейді Усолка шағын ауданының тұрғыны Самал ЖАНДОСАВА. Ертіс алқабындағы 500 гектар бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып саналады. Заң бойынша мұнда кез-келген тұрмыстық қызметке рұқсат жоқ. Бірақ, жоба жетекшілерінің өз айтары табылды.Қала әкімдігімен Усолка ауданында жер аумағы бөлінді. Бұл жер табиғи қорғау аумағы болып табылғанымен заң бойынша ол жерде спорттық нысандар тұрғызуға рұқсат бар. Алдағы уақытта ол жерде есу спортын дамытуға арналған жоба іске асырылады. 6500 ескі ағаш қырылғанымен, жаңа 30 мың ағаш отырғызу жоспарлануда,-дейді «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының заңгері Данияр МҰСАТАЕВ. -Есу каналы үшін бұл ең қолайлы аумақ. Ескі ағаштардың орнына жаңа есу каналын кеңейтіп, болашақ жеңімпаздарды тәрбиелейміз. Бұл ағаштардың орнына жас ағаштар отырғызылады. Бұл біз ештеңеден ұтылмамыз деген сөз,- дейді Павлодар облыстық Академиялық есу спорты федерациясының төрағасы Борис ШЕПЕЛЕНКО. Бұл мәселеге қатысты ресми сұраныс хат жолдағанымызбен қала әкімдігінен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың корпоративті қорға қалай бөліп берілгені жөнінде жауап ала алмадық. Жобаға қазынадан емес, демеушілерден 1,5 миллиард теңге қаржы жиналған екен.
Әйгерім Жетпісова, Павлодар
Фотолар автордікі