Павлодарда тісін емдетуге барған үш жасар қыз жансақтау бөліміне түсті
Павлодарда стоматологқа барған үш жасар қыздың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті.
Қазір бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, жағдайы өте ауыр.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2023 жылы туған қыз 21 қазанда сағат 15:45-те жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
"Бала қабылдау бөлімінен өткізілмей, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды ем жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады басқарма.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. Баланың туыстары стоматологтың әрекетіне шағымданған.
"Тісін емдеп жатқанда жиенімнің жағдайы нашарлап кетті. Көзі аларып, тыныс алуы бұзылды. Бірақ стоматолог емдеуді тоқтатпай, жұмысын жалғастыра берген. Анасы баланың жағдайы дұрыс емес екенін айтып айқайлаған кезде дәрігер "өтпелі жағдай" деп жауап берген. Кабинетте шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған құралдар болмаған. Әпкем жедел жәрдем шақыруды сұрағанымен, ешкім мән бермеген. Ақыры оның жылап, айқайлағанынан кейін көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақырған", – деп жазған баланың туысы әлеуметтік желіде.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, баланың жағдайына байланысты Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығының (UMC) және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілген.
Оқиға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауына алынған.
Ал стоматологиялық клиника өкілдері медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігі басты назарда екенін мәлімдеді.
"Ресми тексеру аяқталғанға дейін клиника қызметкерлерінің кінәсі туралы қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте", – делінген клиника мәлімдемесінде.
Қазір оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға беріледі.
Белгілі болғандай, аталған емхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сенімгерлік басқаруға берілген. Медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыс шеңберінде де қызмет көрсетеді.