Әлеумет

Педагогтер әдеп нормаларын бұзса, қызметінен босатылуы мүмкін

Қазақстанда педагогтерді қоғамда қалыптасқан моральдық нормаларға қайшы әрекеті үшін жұмыстан босатуға рұқсат беретін заң талабы Конституцияға қайшы емес деп танылды.

Фото: Жас Алаш

Бұл туралы Конституциялық сот мұғалімнің өтінішін қарағаннан кейін мәлімдеді.

Сотқа мектептегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен қызметінен босатылған мұғалім жүгінген. Ол жұмыстан шығарылу туралы шешімге сот арқылы шағымданғанымен, талпынысы нәтиже бермеген.

Осыдан кейін педагог Конституциялық сотқа өтініш жолдап, заңда "әдепсіз қылық" ұғымының нақты анықтамасы жоқ екенін алға тартқан. Оның пікірінше, бұл жұмыс берушіге мұғалімді қандай әрекеті үшін жұмыстан босатуға болатынын өз бетінше шешуге мүмкіндік береді.

Алайда Конституциялық сот бұл норманы Ата заңға сәйкес деп таныды. Судьялар әдепке қайшы әрекеттердің барлығын алдын ала тізіп шығу мүмкін емес екенін түсіндірді. Өйткені әр жағдайдың мән-жайы әртүрлі болуы мүмкін.

Соттың түсіндіруінше, мұғалімнің әрекетіне баға бергенде оның жасаған ісімен ғана шектелмей, әлеуметтік, мәдени және кәсіби жағдайды да ескеру қажет.

Осылайша, педагогтің қызметін жалғастыруына кедергі келтіретін әдепсіз әрекеті үшін жұмыс беруші оны жұмыстан босата алады. Дегенмен мұндай шешіммен келіспеген мұғалім сотқа жүгініп, оны даулауға құқылы.

Сайт Әкімшілігі