Пентагон басшысы Тарантиноның фильмі мен Библияны шатастырып алған
АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсеттің айналасында кезекті дау туды. Бұл жолы саяси шешімдер емес, министрдің діни сауаттылығы мен оның сөз сөйлеу мәнері талқыға түсіп жатқан жайы бар.
Newsweek басылымының хабарлауынша, Пентагон басшысы әскери шара кезінде Библиядан үзінді келтіремін деп, Квентин Тарантиноның әйгілі фильміндегі кейіпкердің сөзін қайталап шыққан.
Әскери операцияларға арналған дұға кезінде Хегсет өз сөзін «Езекиел пайғамбардың кітабына негізделген» деп таныстырды. Алайда, оның айтқан мәтіні қасиетті жазбадан гөрі, «Қойыртпақ шығарма» (Pulp Fiction) фильміндегі Сэмюэл Л. Джексон сомдайтын Джулс Уиннфилдтің монологына көбірек ұқсап кетті.
Министр әскери іздестіру-құтқару операцияларындағы сөзді:
«Адасқан ұшқыштың жолы жан-жағынан эгоистердің әділетсіздігі мен зұлымдардың озбырлығына толы... Менің бауырымды тұтқынға алып, жойғысы келгендерге қатал кек пен қаһарымды төгемін. Мен кек алғанда, менің шақыру белгім — Sandy One екенін білетін боласың».
Айта кетерлігі, Sandy One— АҚШ Әскери-әуе күштерінде қолданылатын нақты шақыру белгісі.
Шын мәнінде Библияда не жазылған?
Көптеген діншілдер мен әлеуметтік желі қолданушылары Хегсеттің бұл сөзін бірден сынға алды. Себебі, Езекиел пайғамбардың кітабындағы түпнұсқа мәтін (25:17) әлдеқайда қысқа әрі мағынасы басқаша:
«Олардан қатал жазамен өш аламын. Кек алған кезде, олар Менің Жаратқан Ие екенімді біледі» (Езекиел 25:17).
Тарантино фильмі үшін бұл дұғаны көркемдеп, мазмұнын айтарлықтай өзгерткен болатын. Осылайша, Хегсет қасиетті мәтінді емес, Голливуд сценаристерінің қиялынан туған туындыны оқып берген.
Пентагон өкілі Шон Парнелл дұғаның «Қойыртпақ шығарма» фильміндегі диалогтан шабыт алғанын мойындағанымен, министрдің Библияны қате пайдаланды деген айыптарды «фейк жаңалықтар» деп атады.
Дегенмен, Reddit және басқа да әлеуметтік желілерде қолданушылар бұл жағдайды мазаққа айналдыруда. Көбісі министрдің спичрайтерлері оған әдейі «тұзақ» құрды немесе бұл қазіргі әкімшіліктің кәсіби деңгейінің төмендігін көрсетеді деп есептейді.