Әлеумет

Петропавлда 2 млрд теңгеден астам қаржы жымқырылды

Қаржы мониторингі агенттігі Петропавл қаласында автожол өтпежолын салуға бөлінген бюджет қаражатының жымқырылуы дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Фото: из открытых источников

2023 жылдың тамызында Петропавл әкімдігінің ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрайтын құрылыс келісімшарты жасалған. Алайда мердігер компания жұмысты жүйелі түрде кешіктірген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, компания директоры тапсырыс беруші жақтың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, нақты орындалмаған жұмыстарды орындалды деп көрсеткен жалған актілер рәсімдеген. Соның негізінде мердігердің шотына бюджеттен негізсіз қаржы аударылған.

Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 2 млрд теңгеден асады.

Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жемқорлық