Әлеумет

Петропавлда «Галактика» сауда үйін өртеген адамға үкім шықты

33 жастағы Павел Стравинскас алтын бұйымдарды ұрлап, кейін сауда үйін әдейі өртегені үшін бес жыл бас бостандығынан айырылды.

Фото: из открытых источников

Петропавл соты оны коммерциялық ғимаратты қасақана жойғаны үшін кінәлі деп таныды. Ал айыпталушы сот соңына дейін өрттің кездейсоқ шыққанын, өзі тек көмек көрсетуге тырысқанын айтып келген.

Тергеу мәліметінше, оқиға болған түні ер адам таныстарымен бірге ішімдік ішкеннен кейін үйіне жаяу қайтқан. Жолда «Зергерлік» деген жазуды көріп, ұрлық жасауға бел буған.

Ол терезені сындырып, шеберханаға кіріп, қараңғыда күртесінің қалталарына алтын сырғалар, шынжырлар және басқа да әшекейлерді салып кеткен.

Алайда көп ұзамай қайта оралған. Оның айтуынша, ішінде өз заттарын ұмытып кеткендей көрінген. Бірақ кейін жағдай күтпеген жерден өрши түскен.

Сотта Стравинскас ғимаратқа қайта кіргенде электр сымдарының ұшқындап тұрғанын көргенін, белгісіз сұйықтық құйылған канистрді байқамай аударып алғанын, содан бәрі бірден лап етіп жанғанын айтты.

Ол қорқып кетіп, сыртқа жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан адамнан өрт сөндірушілер мен такси шақыруды өтінгенін жеткізді.

Алайда куәгерлер мүлде басқа көріністі баяндаған. Солардың бірі Павелді өртеніп жатқан «Галактика» сауда үйінің жанынан көргенін айтқан. Оның сөзінше, айыпталушы сынған терезеден ішке тас пен жиектастың бөліктерін лақтырып, мұны «біреудің мүлкін құтқаруға тырыстым» деп түсіндірген.

Төтенше жағдайлар департаментінің сарапшылары айыпталушының электр сымдарының тұйықталуы туралы нұсқасын толық жоққа шығарды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, өрттің шығуына сырттан әкелінген тұтандыру көзі себеп болған.

Ғимарат иелері ішке кіргенде, бәрі күлге айналғанын көрген. Өрт салдарынан құрал-саймандар, станоктар, жиһаз, ноутбуктер, зергерлік бұйымдарға арналған дайындамалар және басқа да мүлік түгел жанып кеткен.

Тек бір зергердің өзі келген шығынды 9 миллион теңгеден астам деп бағалаған.

Стравинскас сот процесі барысында тек ұрлық жасағанын мойындап, өртті әдейі қойғанын жоққа шығарды. Алайда сот оның бұл уәжіне сенген жоқ.

Сот үкімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, бұған қоса 5 миллион теңгеден астам материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі