Петропавлда мектеп оқушыларына пышақпен шабуыл жасаған ер адамға сот үкімі шықты
Петропавл қаласында екі жасөспірімге пышақпен шабуыл жасаған 36 жастағы ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, оқиғаға әлеуметтік желідегі пікірлер себеп болған. Күдікті Instagram-дағы жарияланымдарының астына жазылған жағымсыз пікірлерді мектеп оқушылары қалдырды деп ойлаған.
Ол жасөспірімдерді үйінің маңынан жиі көретінін айтып, кезекті рет алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін олармен «есеп айырысуға» барған.
Салдарынан жасөспірімдердің бірі бетінен кесілген жарақат алып, басқа да дене жарақаттарына ұшыраған.
Кейін тергеу барысында мектеп оқушыларының айыпталушымен мүлде таныс болмағаны және әлеуметтік желідегі пікірлерге ешқандай қатысы жоқ екені анықталды.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.