Без Категории

Полиция басшысы ұлының өлімінен кейін қамалған дәрігерлерді қолхатпен босатты

25 қыркүйекте кешке Алматы қалалық тергеу соты полиция бастығы ұлының өліміне байланысты күдікке ілінген дәрігерлерді қамаудан босатып, олардан елден кетпеу туралы қолхат алды.

Jasalash.kz

Бұған дейін күдіктілердің туыстары мен әріптестері биліктен жағдайға араласуын сұраған.

№4 қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Асқар Тұңғышбаевты полиция қыркүйек айының басында "кәсіби міндетін дұрыс атқармады" деген күдікпен қамауға алған. Оның әріптесі осы аурухананың дәрігері Қанат Тезекбаев та сондай күдікке ілініп тергелген.

Бұған дейін қамалғандардың туыстары мен әріптестері дәрігерлердің Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне қатысы жоғын айтып, ашық тергеу мен әділ сот өткізуді сұраған. Қанат Тезекбаевтың әйелі Дина Тезекбаева жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "істі бақылауға алуға" шақырған. Дәрігер Қайрат Смағұлов "Нұр Отан" партиясына шағымданып, күдіктілерді босатуға септесуін сұраған.

Алматы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, экономикалық тергеу департаменті сотқа өтініш түсіріп, күдіктілерден елден кетпеу туралы қолхат алып, қамаудан босатуды өтінген.

Асқар Тұңғышбаевтың адвокаты Нұрхан Амангелді 26 қыркүйекте Тengrinews сайтына бұған дейін "бұлтартпас шарасын" өзгерту туралы сотқа өтініш түсіргенін растаған.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың ұлы Алатау аудандық прокурор орынбасары болған 29 жастағы Нұрсұлтан Күдебаев тамыз айының соңында Германия ауруханасында көз жұмған. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, шетелге емдеуге жіберілмес бұрын Алматыдағы №4 ауруханада оған операция жасаған. Ол квадроцикл айдап жүрген кезде құлап, ауруханаға түскен.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега