«Полицей көлікті мас күйде жүргізіп, қарсы бағытқа шығып кеткен»: Шелекте жол апатынан қаза тапқан бір отбасының туыстары әділдік іздейді
Алматы облысында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы үш адамның өмірін қиып, бірнеше адамның ауыр жарақат алуына себеп болды. Қайғылы оқиға Алматы – Шелек – Қорғас тас жолында тіркелген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Haval маркалы көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Audi көлігін басқарған 40 жастағы ер адам, оның жұбайы және 20 жастағы қызы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар көлікте болған екі бала мен 10 айлық сәби түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.
Жас Алаш тілшісі марқұмдардың туыстарымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білді. Қазіргі таңда олар оқиғаға байланысты жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
«Көліктің алдыңғы бөлігінен дым қалмаған»
Гульзана Турдиева жол апатынан қаза тапқан Махаметова Гульхумардың ағайынды туысы. Гульзананың айтуынша, апат кезінде Audi автокөлігінің ішінде әпкесі отбасымен бірге отырған.
«Жол апатынан менің ағайынды әпкем Гүлхумар қаза тапты. Көлікті оның жұбайы Ахмаджан айдап келе жатқан. Ал алдыңғы орындықта олардың 20 жастағы қызы Диара отырған. Диараның 10 айлық сәбиі бар еді. Нәресте артқы орындықта менің әпкемнің қолында еді. Сондай-ақ көліктің артқы орындығында әпкем мен жездемнің екі баласы – 18 жастағы қызы мен 14 жастағы ұлы болған», - дейді Гульзана Турдиева.
Оқиға 23 маусым шамамен сағат 15:00-16:00 аралығында болған. Отбасы сол күні Шелек ауылынан Малыбай ауылына қарай бет алған.
«Олар Шелектен келе жатқан. Саяра колледжге түсуге дайындалып жүрген еді. Сол күні колледж ақысын төлеп, Шелектен Алматы-Қорғас тасжолына шығып, Малыбай ауылындағы үйлеріне қайтып бара жатқан», - дейді туысы.
Сол сәтте қарсы бағытта Haval маркалы автокөлік шыға келеді.
«Менің туыстарым қызыл түсті Audi автокөлігінде келе жатқан. Екі көлік бетпе-бет соқтығысқан. Соққы өте қатты болған. Көліктің алдыңғы бөлігінен дым қалмаған. Ахмаджан мен Диара оқиға орнында көз жұмды. Артқы орында отырған әпкем 10 айлық сәбиді құшағына қысып, өз денесімен қорғауға тырысқан. Өкінішке қарай, өзі ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болды», – дейді Гульзана Турдиева.
Ал кәмелетке толмаған екі бала түрлі дене жарақаттарын алды, қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. 10 айлық сәби де алдымен Шелектегі ауруханаға жеткізіліп, кейін ГРЭС-тегі медициналық мекемеге ауыстырылған. Гульзана Турдиеваның айтуынша, балалардың жағдайы тұрақты. Ал әлеуметтік желіде бір баланың қолы жұлынып кетіпті деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Жол апатына кінәлі автокөлікті полиция қызметкері мас күйде жүргізген»
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, жол-көлік оқиғасына кінәлі Haval маркалы автокөлікті полиция қызметкері мас күйде тізгіндеген. Алайда бұл ақпаратты ресми органдар растаған жоқ. Сонымен қатар Гульзана Турдиева Haval автокөлігінің қарсы жолақпен әдейі жүргенін айтты.
«Ол (Haval автокөлігінің жүргізушісі – ред.) қарсы жолаққа әдейі өткен. Бұл көлікті басқара алмай қалып, кездейсоқ қарсы бағытқа шығып кеткен жағдай емес. Себебі жолдың екі бағытын бөліп тұрған қоршау бар. Ал ол қоршау бүлінбеген күйі тұр», – дейді Гульзана Турдиева.
Қазіргі уақытта марқұмдардың туыстары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде. Олардың айтуынша, Haval автокөлігін басқарған азаматқа жасалған алкогольге немесе есірткіге масаңдықты анықтайтын сараптаманың нәтижелері әлі күнге дейін ұсынылмаған. Олар жол апатына кінәлі азаматтарды кешірмейтінін және істің сотқа жететінін мәлімдеді.
Ал құзырлы органдар жол апатына полиция қызметкерінің қатысы бар-жоғын ресми түрде растап, мәлімдеме жасаған жоқ. Жас Алаш редакциясы Алматы облыстық полиция департаментіне аталмыш оқиғаға қатысты ресми сауал жолдады.
Маржан Сәбет