Оқиғалар

Полициядан электрсамокатпен қашқан блогерге айыппұл салынды

Өзін блогер ретінде таныстыратын ер адам полицияның заңды талабына бағынбай, электрсамокатпен қашпақ болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: полиция

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған электрсамокат жүргізушісін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда жас жігіт инспектордың тоқтау туралы заңды талабын елемей, қозғалысын жалғастырып, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Оның әрекеті айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталып, ұсталды. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар сот оны полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танып, қосымша 30 АЕК көлемінде айыппұл тағайындады.

Полиция азаматтарға құқық қорғау органдары қызметкерлерінен қашу жауапкершіліктен босатпайтынын, керісінше заңдық салдарды ауырлата түсетінін ескертті.

Сайт Әкімшілігі