Әлеумет

Польшада жаппай атыс болды: 6 адам қаза тапты, күдіктінің үйінен тағы үш мәйіт табылды

Польшаның Краков қаласында қарулы шабуыл жасалып, алты адам қаза тапты.

Фото ашық дереккөз

 Тағы бірнеше адам жарақат алды. Оқиғаға күдікті азамат полициямен атыс кезінде жараланып, ұсталған.

Алдын ала тараған мәліметтерге сәйкес, оқиға 7 қараша күні сағат 15:00 шамасында қаланың орталық алаңында болған. 24 жастағы Польша азаматы көлікпен келіп, адамдарға оқ жаудырған.

Шабуыл салдарынан алты адам көз жұмған. Қаза тапқандар арасында Ұлыбритания мен Австрия азаматтары бар екені хабарланды. Жараланғандар саны туралы ақпарат әртүрлі: кей деректерде 15, енді бірінде 16 адам көрсетілген. Олардың арасында екі полиция қызметкері де бар.

Күдікті оқиға орнында полициямен атысқа түсіп, жараланған. Кейін құқық қорғау органдары оны ұстаған.

Тергеу барысында күдіктінің үйінен үш адамның мәйіті табылғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар оның әкесі, анасы және қарындасы болуы мүмкін. Құқық қорғау органдары бұл өлімдердің Краковтағы қарулы шабуылмен байланысын анықтап жатыр.

Польша прокуратурасы оқиғаны терроризмге қатысты қылмыс ретінде тергеп жатқаны хабарланды. Әзірге күдіктінің мұндай әрекетке баруына не себеп болғаны белгісіз.

Оқиғадан кейін Польшада 8 және 9 қараша күндері ұлттық аза тұту жарияланғаны айтылды.

Польша ішкі істер министрі Марцин Кервиньскийдің мәліметінше, күдікті ультраұлтшыл және әсіре оңшыл көзқарастарды ұстанған. Алайда оның нақты әрекетке бару себебі тергеу барысында анықталады. 

Сайт Әкімшілігі