Оқиғалар

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Фото: ашық дереккөз

Балаеваның айтуынша, адам өмірі – ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Ол бұл ойға «4739» деректі фильмін көргеннен кейін тағы бір мәрте көз жеткізгенін айтты.

«Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін», – деп жазды ол.

Вице-премьердің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 4739 адам ағза трансплантациясын күтіп отыр, оның ішінде 125-і – балалар.

Ол елімізде жасалатын трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жүзеге асатынын, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейтінін атап өтті.

Сонымен қатар Аида Балаева донор болу немесе болмау әр адамның жеке таңдауы екенін айтып, бұл мәселеде ешқандай қысым мен айыптау болмауы керектігін жеткізді.

«Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан бұл жерде әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне құрмет болуы қажет», – деді ол.

Сөз соңында вице-премьер трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұрғанын айтып, қоғамды бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылауға шақырды.

Айта кетейік, Аида Балаева сөз еткен «4739» деректі фильмі 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетіледі.

Сайт Әкімшілігі