Президент пәрменінің «заряды» таусылды ма?
Президент пәрменінен кейін бір күнде қазақша сөйлеп кеткен үлкен шенеуніктеріміздің екпіні ептеп-ептеп басылып келе жатқандай… Соңғы бір-екі айда үлкен мінбелерде баяндама жасағандардың барлығы дерлік мемлекеттік тілде сөйлеп, шынын айту керек, қазақ тілінде сөйлеу мақтанышқа айналып, алда-жалда орысша сөйлей жөнелгендерге біртүрлі қарап жүргеніміз жасырын емес-ті.
Депутаттарымыз да баяндамаларын ежелеп болса да, мемлекеттік тілде оқып, парламенттегі басқа ұлттың өкілдері қағазға қараса да қазақша сөйлеп жатты. Не керек, олардың бұл іске асқан ықыласпен кіріскен-ді.Енді міне, президент берген осынау «заряд» бірте-бірте таусылып келе жатыр. Мәжілістің өткен жиынында ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев сұрақтардың көбісіне орыс тілінде жауап бергенін көзіміз көрді. Тіпті, депутат Геннадий Шиповскихтің қазақ тілінде қойған сұрақтарына Ақышевтің орысша жауап беріп, бір-бірін түсінбей, біреуі «А»-ны сұраса, екіншісі «Б»-ны айтып, тіптен, қызық болды ғой.Осы аптадағы жиында ресми тілде сөйлеген өзге ұлттың өкілдерін айтпағанда, өзіміздің қаракөз депутаттар Гүлжан Қарағұсова, Азат Перуашев, Ерлан Барлыбаев, Айқын Қоңыров, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Өсіпов негізінен орыс тілінде сөйледі. Және ешқандай қымсыну да болған жоқ. Әрине, сенатор Дариға Назарбаева айтпақшы «орыс тілінде сөйлеуге ешкім шектеу қойған жоқ».Дегенменде үлкен мінберлердегі қазақ тілінің қызығы осымен тарқап келе жатқанын байқауға болады. Бүйте берсе, бірте-бірте баз-баяғы қалпымызға түсіп, ескі сүрлеумен бәріне түсінікті тілмен сайрай беретіндері анық.Қалай айтса да президент пәрмені үйірді үркіткен қасқырдың тірлігі сияқты болды. Дүр етіп үркіп, ию-қию болды да, қасқыр алыстап кеткен соң қайтадан қалыпты тірліктеріне көшті.Ендеше тағы да бір «Әйт» деп, айқайлап қою керек болып тұр ғой деймін…
Оралхан ДӘУІТ, Астана
Фото: dailynews.kz