Саясат

Прокурор Мансұр Мовлаевқа Қазақстаннан бәрібір экстрадицияланатынын айтқан

Қазақстандағы СИЗО-да отырған шешен белсендісі Мансұр Мовлаевпен прокурор кездескен. Ол белсендінің қандай жағдай болса да Ресейге экстрадицияланатынын айтып, суицид әрекеттері изолятор қызметкерлерінің жұмыстан босатылуына себеп болуы мүмкін екенін ескерткен.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Мовлаевты қолдау тобы хабарлады.

«Бұлай істеме, денсаулығыңа зиян келтірме. Сені бәрібір алып кетеді, бұл саған көмектеспейді. Сенің кесіріңнен біздің қызметкерлер зардап шегуі мүмкін, оларды жұмыстан шығаруы ықтимал. Олардың да отбасын асырауы керек. Мен ол жақта не болып жатқанын түсінемін. Бірақ сен шейіт болуың мүмкін. Бұл – сенің сынағың. Мұны біздің мойнымызға артпа. Біз саған қанша көмектескіміз келсе де, мұнда ештеңе істей алмаймыз», - депті прокурор.

Оған Мовлаев қайтадан «азаптау, қорлық пен қорқыныштан өтуді» қаламайтынын айтқан. Сондай-ақ ол Қазақстан билігін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің қамтамасыз ету шараларын сақтауға шақырған. Комитет бұған дейін белсендіні экстрадициялауға тыйым салған.

Мансұр Мовлаев 2025 жылдың мамырынан бері Алматыдағы экстрадициялық қамауда отыр. Шілде айында сот оның қамауда болу мерзімін тағы бес айға – 2027 жылдың 13 қаңтарына дейін ұзартқан. Ресей билігі белсендіні бопсалау бойынша айыптап, экстрадициялауды талап етіп отыр. Мовлаев бұл істің қолдан жасалғанын мәлімдеді.

Өткен аптада белсенді СИЗО-да екі рет суицид жасауға әрекеттенген. Алғашқы әрекетінен кейін ол әділетсіздіктен шаршағанын және кадыровшылардың өзін қайтадан азаптауына жол бермейтінін жазып, қоштасу хатын қалдырған.

Мовлаевтың айтуынша, Шешенстанда оны күш құрылымдарының өкілдері екі рет ұрлап әкетіп, азаптаған. Кейін ол жалған құжаттармен Ресейден кеткен. Бұған дейін белсенді Шешенстан тұрғындарын ұрлау, азаптау және жоғалу фактілері туралы ақпаратты оппозициялық 1ADAT қозғалысына жасырын түрде жеткізіп отырған.

Мовлаев Ресейден қашқаннан кейін шешенстандық күш құрылымдары оның ата-анасы мен ағасын қоса алғанда, туыстарын бірнеше рет ұрлап әкеткен.

Сайт Әкімшілігі