Прокурор ORDA-ның экс-бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға 8 жыл сұрады
Алматыда өтіп жатқан сотта мемлекеттік айыптаушы ORDA басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованы сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сонымен қатар прокурор жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдыруды ұсынды.
14 тамызда Бостандық аудандық №2 сотында өткен жарыссөзде прокурор Бажкеноваға тағылған үш бағыттағы айып дәлелденді деп мәлімдеді.
Айыптаушы тарап ORDA-да азаматтар мен ұйымдардың ар-намысы, қадір-қасиеті және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпараттар жарияланғанын алға тартты. Соның ішінде 2024 жылы Алматы прокурорының бұрынғы орынбасары Ауғанбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат аталды. Кейін Бас прокуратура бұл мәліметті жоққа шығарған.
Сот барысында Green Tower бизнес орталығы мен Қарағандыдағы Ленин атындағы кинотеатрға қатысты жарияланымдар да қаралды. Қорғаушы тарап кейбір материалдардың сот құжаттары мен ресми деректерге сүйеніп жазылғанын мәлімдеді.
Прокурор Бажкенованы ҚК-нің 274-бабы бойынша 1 жыл 6 айға, 189-бабы бойынша 8 жылға, ал 214-бабы бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза ретінде сегіз жыл түрме және бес жылға журналистік, қоғамдық әрі басшылық қызметтің бірқатар түрімен айналысуға тыйым салу ұсынылды.
Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Прокурор сұраған жаза әзірге үкім емес. Іс бойынша соңғы шешімді сот шығарады.