Путин алдағы жылдары НАТО елдерінің біріне шабуыл жасап көруі мүмкін
АҚШ барлау қызметтері Ресей президенті Владимир Путин алдағы бірнеше жыл ішінде НАТО-ға мүше елдердің біріне шабуыл жасап, «альянстың табандылығын сынап көруі» мүмкін деп есептейді.
Мұндай болжам жаңа барлау есептерінде айтылғанын The Wall Street Journal жазды.
Бұған дейін АҚШ тарапы Украинадағы соғыс жалғасып жатқанда Путин НАТО-мен тікелей қақтығысқа әкелетін шиеленіске бармайды деп есептеген. Алайда қазір бұл бағалау өзгерген. Сарапшылардың пікірінше, Ресей-Украина соғысында айтарлықтай жетістіктің болмауы Ресей президентін қандай да бір елеулі жеңіс іздеуге итермелеуі мүмкін. WSJ «тығырыққа тірелген Путин бұрынғыдан да қауіпті болуы ықтимал» деген алаңдаушылық бар екенін жазады.
Барлау қызметтері қарастырып отырған ықтимал қауіптердің ауқымы әртүрлі. Олардың қатарында кибершабуылдар, белгілі бір аумақты басып алу мақсатында диверсиялық топтарды жіберу және НАТО-ның шығыс қанатындағы елдердің біріне шектеулі әскери басып кіру сценарийі бар. Соңғы сценарийдің ықтималдығы әзірге төмен бағаланады, алайда уақыт өте келе қауіп артуы мүмкін.
Америкалық шенеуніктердің пікірінше, мұндай шабуылдың негізгі мақсаты НАТО ішіне жік салу болуы ықтимал. Кең ауқымды басып кіру НАТО шартының ұжымдық қорғаныс туралы 5-бабының іске қосылуына себеп болады. Алайда гибридті немесе кибершабуыл жағдайында альянстың іс-қимыл алгоритмі соншалықты айқын емес. Мәскеу осындай жағдайда АҚШ одақтастарына шектеулі ғана көмек көрсетеді деп үміттенуі мүмкін.
АҚШ барлауының бағалауынша, Ресей тарапынан мұндай агрессивті әрекеттер 2026 жылдың күзінен 2029 жылға дейінгі кезеңде болуы ықтимал.
НАТО өкілдері WSJ-ге берген түсініктемесінде альянс түрлі сценарийлерді тұрақты түрде қарастырып, оларға дайындалатынын мәлімдеді. НАТО өкілі Мартин ОʼДоннелл ұйым қажет болған жағдайда «қорғануға дайын екенін» көрсетуді жалғастыратынын айтты.
Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас та Ресей Балтық елдеріндегі маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы беру мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Мәскеу мұндай шабуыл үшін Украинадан қолға түсірілген дрондарды пайдалануы мүмкін.
Каунас ықтимал шабуылдардың мақсаты Батыс одақтастары арасында Украинаға деген сенімді әлсіретіп, Киевке көрсетілетін қолдауды азайту болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге ол қазіргі уақытта Ресей тарапынан «тікелей қауіп» жоқ екенін атап өтті.