Әлеумет

Путин әлемдегі ең қуатты ядролық зымыранның сынағы сәтті өткенін мәлімдеді

RS-28 Sarmat зымыраны туралы Ресей әлемдегі ең қуатты ядролық кешеннің сынағы сәтті өткенін мәлімдеді.

Фото: РФ қорғаныс министрлігі

Ресей президенті Владимир Путин ядролық оқтұмсық тасымалдай алатын ауыр құрлықаралық баллистикалық «Сармат» зымыранының сынағы сәтті өткенін айтты.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлерінің қолбасшысы Сергей Каракаев 12 мамыр күні сағат 11:15-те ұшырылым жасалғанын Путинге видеоконференция форматындағы жиында баяндаған.

Каракаевтың сөзінше, сынақ нәтижесі зымыранның барлық техникалық сипаттамасын растаған. Оның айтуынша, «Сармат» кеңестік «Воевода» кешенінен ұшу қашықтығы, алып жүретін жүк салмағы, ұшыруға дайындық деңгейі және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін бұзып өту қабілеті жағынан әлдеқайда қуатты.

Путин «Сарматты» «әлемдегі ең қуатты стратегиялық зымыран кешені» деп атады. Оның сөзінше, бұл кешен жеткізе алатын ядролық зарядтың жиынтық қуаты кез келген батыстық баламадан төрт есе артық.

Сондай-ақ Ресей президенті зымыранның ұшу қашықтығы 35 мың шақырымнан асуы мүмкін екенін айтты. Салыстыру үшін, Жер экваторының ұзындығы шамамен 40 мың шақырымды құрайды.

«Сармат» кеңес дәуірінен қалған ауыр зымырандарды алмастыруы тиіс. Кешен сұйық отынды қозғалтқышпен жұмыс істейді, шахтадан ұшырылады және жеке бағытталатын бірнеше ядролық блок алып жүре алады.

Каракаевтың айтуынша, сәтті сынақтан кейін 2026 жылдың соңына дейін Краснояр өлкесіндегі Ужур құрамасында осы кешенмен қаруланған алғашқы полк жауынгерлік кезекшілікке қойылады. Путин бұл жоспарды растады.

Алайда «Сарматты» жауынгерлік кезекшілікке қою туралы мәлімдемелер бұған дейін де жасалған. 2023 жылы бұл туралы «Роскосмос» басшысы Юрий Борисов айтқан болатын. Бірақ сарапшылар кешеннің толық дайын екеніне күмән келтірген еді, себебі сол уақытқа дейін тек бір ғана сәтті сынақ белгілі болған.

Ашық дереккөздерде «Сарматтың» сәтсіз сынақтары туралы да ақпарат тараған. Атап айтқанда, 2024 жылы Плесецк полигонында зымыран шахтаның ішінде жарылды деген болжам айтылды. Ал 2025 жылдың қарашасында тәуелсіз сарапшылар Орынбор облысындағы ірі жарылысты RS-28 «Сармат» зымыранының сәтсіз сынағымен байланыстырған. Бірақ Мәскеу ол кезде зымыран түрін ресми түрде растаған жоқ.

Қазіргі сынақтың нақты қай жерден және қашан жасалғаны Кремль хабарламасында толық нақтыланбаған. Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі 6–10 мамыр аралығында Камчаткадағы «Кура» полигоны маңына шектеу енгізген еді. Әдетте мұндай құрлықаралық баллистикалық зымырандар Архангель облысындағы Плесецк полигонынан ұшырылып, нысана ретінде Камчаткадағы «Кура» полигоны пайдаланылады.

Осы жиында Путин Ресейдің Буравестник және Пасейдон кешендері бойынша жұмысты аяқтап жатқанын да мәлімдеді. Сонымен қатар ол ядролық оқтұмсықпен жабдықталуы мүмкін «Орешник» орта қашықтықтағы кешенін де атады. Бұған дейін «Орешник» Украинаға қарсы ядролық емес нұсқада қолданылғаны хабарланған.

Сайт Әкімшілігі