Саясат

Путин: Арменияның ЕО-ға кіру туралы өтініші ЕАЭО-дан шығуды білдіреді

Ресей президенті Владимир Путин Армения премьер-министрі Никол Пашинянға Еуропалық одаққа кіру рәсімін бастау туралы заңның қабылдануы іс жүзінде елдің Еуразиялық экономикалық одақтан шығуын білдіретінін айтты.

Фото: скриншот

 Ал Ереван ЕАЭО алдындағы міндеттемелерін бұзған жоқпыз деп отыр.

Путин мен Пашинян Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында кездесті. Кремль сайтында жарияланған стенограммаға сәйкес, келіссөздің негізгі тақырыптарының бірі Арменияның Еуроодаққа мүшелікке өтініш беру жоспары болған.

«Сіздер ЕАЭО-дан шығатыныңызды мәлімдегеніміз жоқ дедіңіздер. Бірақ басқа экономикалық ұйымға кіру рәсімін бастау туралы заң қабылдау іс жүзінде біздің ұйымнан шығу туралы мәлімдемені білдіреді. Өйткені екі ұйымға бір мезгілде мүше болу мүмкін емес. Мәселе осында», – деді Путин.

Ресей президенті Арменияда ЕО мен ЕАЭО арасындағы таңдау мәселесі бойынша референдум өткізуді тағы да ұсынды.

Пашинян бұған жауап ретінде Ереван Ресеймен және ЕАЭО аясындағы келісімдерді талдап шыққанын айтып, Арменияның ешқандай міндеттемені бұзбағанын мәлімдеді.

Армения 2025 жылы еуроинтеграция үдерісін бастау туралы заң қабылдаған. Ал 24 тамызда Пашинян елдің жақын арада Еуропалық одаққа мүшелікке өтініш беру процесін бастауды жоспарлап отырғанын айтқан.

Еурокомиссия өкілдері бұған дейін Арменияның «Еуропалық одаққа бұрынғыдан да жақындай түскенін» мәлімдегенімен, ЕО-ға кіру нақты талаптар мен кезеңдерден тұратын ұзақ процесс екенін еске салған.

Путин бұған дейін де Еуропалық одақ пен ЕАЭО-ға қатар мүше болу мүмкін емес екенін бірнеше рет айтқан.

Арменияда 7 маусымда өткен парламент сайлауында Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы жеңіске жетті. Путин мен Пашинян 1 қыркүйекте Бішкекте сол сайлаудан кейін алғаш рет жеке кездесті.

Сайт Әкімшілігі