Саясат

Путин қызметкеріне телефон қолдануға тыйым салды

Ресей президенті Владимир Путин қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың күшеюіне байланысты бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізді. Еуропалық барлау қызметтерінің деректеріне сүйенген ақпаратқа сәйкес, Кремль маңындағы қызметкерлерге ұялы телефон қолдануға толық тыйым салынған, ал олардың үйлеріне бақылау жүйелері орнатылған.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бұл туралы The Telegraph жазды.

Қауіпсіздік шараларының күшеюі соңғы айларда ықтимал мемлекеттік төңкеріс немесе қастандық әрекеттеріне қатысты күдіктердің артуымен түсіндіріледі. Енді Кремльге келетін барлық адамдар екі деңгейлі тексерістен өтеді. Ал президентке жақын жұмыс істейтін қызметкерлер интернетке қосылатын кез келген құрылғыны пайдаланудан шеттетілген.

Сонымен қатар олар тек Федералдық күзет қызметі ұйымдастырған көлікпен жүруге міндеттелген. Күзетшілер, аспаздар мен фотографтардың үйлеріне де бақылау құралдары орнатылған.

Барлау деректерінде Путиннің әсіресе дрон арқылы жасалуы мүмкін шабуылдан қауіптенетіні айтылған.

Бұл ақпарат Украина тарапынан Мәскеуге жасалған дрон шабуылдары жиілеген тұспен қатар келіп отыр. Соңғы шабуылдардың бірі Кремльге жақын орналасқан элиталық тұрғын үй кешеніне тиіп, ғимараттың жоғарғы қабаттарына зақым келтірген.

Сарапшылардың айтуынша, бұл Ресейдің әуе қорғаныс жүйелерінің осалдығын көрсетті. Мәскеу С-400, С-300 және «Панцирь-С1» жүйелерімен қорғалғанына қарамастан, дрондар қала орталығына дейін жетіп отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский тіпті 9 мамырдағы Жеңіс парадына да соққы жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Қауіп күшейген сайын Путиннің өмір салты да өзгерген. Ақпарат көздерінің мәліметінше, ол уақытын көбіне бункерлерде өткізіп, әскери мәселелерге ден қойған. Сарапшылардың айтуынша, президент уақытының шамамен 70 пайызы соғысқа қатысты шешімдерге жұмсалады.

Сондай-ақ ол бұрын жиі баратын резиденцияларына баруды азайтып, Краснодар өлкесіндегі жерасты паналарында ұзақ уақыт бойы жасырынатын болған.

Сонымен қатар Ресей ішінде де жағдай күрделі. Әскер шығыны ай сайын 30 мың адамға дейін жеткен. Соған қарамастан, майдандағы ілгерілеу мардымсыз.

Америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) мәліметінше, соңғы айда Ресей алғаш рет басып алған аумақтарының бір бөлігін жоғалтқан.

Ал Украина тарапынан дрон шабуылдары күшейіп, Ресейдің энергетикалық және әскери инфрақұрылым нысандарына тұрақты соққы берілуде.

Сарапшылар пікірінше, қауіпсіздік шараларының күшеюі Кремль ішіндегі шиеленістің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сайт Әкімшілігі