Саясат

Путин Ресейдегі жанармай тапшылығы мен Украина ұсынысына қатысты мәлімдеме жасады

Ресей президенті Владимир Путин Украина шабуылдарының салдарынан Ресейдегі мұнай инфрақұрылымына зиян келгенін мойындады. Алайда оның сөзінше, елдегі жанармай тапшылығы «аса күрделі деңгейде емес».

Фото: скриншот

Путиннің айтуынша, жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін күшейтіп, зақымданған мұнай өңдеу зауыттарын жедел қалпына келтіру және қажет болған жағдайда жанармай импортын қамтамасыз ету қажет.

«Зиян бар. Бірақ зақымданған нысандар тез қалпына келтіріліп жатыр, туындаған мәселелер аса ауыр сипат алған жоқ», – деді Ресей президенті.

Сонымен қатар Путин Украинаның екі тараптың да бір-бірінің аумағына соққы жасауды тоқтату туралы ұсыныс жасағанын, бірақ Мәскеудің бұл ұсынысты қабылдамағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Киев сондай-ақ Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында әскери іс-қимылды азайтуды ұсынған, алайда Ресей бұл бастамадан да бас тартқан.

Путин сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей мен Украина соғысына қатысты ұстанымы өзгерді деген ақпаратқа күмәнмен қарайтынын айтты.

«Трамп – тәжірибелі әрі кемел саясаткер. Оның көзқарасы түбегейлі өзгерді деп ойламаймын», – деді Ресей басшысы.

Сайт Әкімшілігі