Саясат

Путин "Ресеймен соғысқа дайындалып жатыр" деп Батысты кінәлады

Ресей президенті Владимир Путин НАТО елдері Ресеймен соғысқа дайындалып жатқанын ашық айтып, әскери шығындар мен қарулануға бөлінетін қаржыны көбейтіп жатқанын мәлімдеді.

Фото: скриншот

Кремльдің хабарлауынша, Путин әскери жоғары оқу орындарының түлектерімен кездесуде НАТО елдері Киевті қолдау саясатынан Ресейге қарсы ашық әскери дайындық кезеңіне өткенін айтты. Оның сөзінше, альянс елдері әскери және шабуылдау әлеуетін күшейтуге бағытталған бюджеттерін ұлғайтып жатыр.

Путин НАТО мен Еуроодақ басшылары мұндай шығындарды ақтау үшін Ресей тарапынан төнген қауіп туралы жалған мәлімдемелер жасап отыр деп мәлімдеді.

«Әуелі біздің елімізге қауіп төндіріп, бізді өзін-өзі қорғау үшін қажетті шаралар қабылдауға мәжбүрлейді. Содан кейін барлық күнәні өзімізге артып қояды», – деді Ресей президенті.

Путин өз сөзінде 1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германияның Кеңес Одағына шабуылын мысалға келтірді.

«Гитлерлік Германия Кеңес Одағын және Сталинді агрессия жасады деп айыптауға тырысты. Бүгінде мұндай көзқарастардың әлі де кездесетіні таңғалдырады», – деді ол.

Бұған дейін Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович Батыс елдері соғысқа ашық дайындалып жатқанын және бірқатар стратегиялық құжаттарда 2030 жылға қарай қақтығыс басталу ықтималдығы қарастырылғанын мәлімдеген болатын.

Ал The Economist басылымы украиналық дереккөздерге сілтеме жасап, Украина президенті Владимир Зеленский елді алдағы екі-үш жылға созылуы мүмкін соғысқа дайындауды тапсырғанын хабарлаған.

23 маусымда Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков «Примаков оқулары» халықаралық ғылыми-сараптамалық форумында сөйлеген сөзінде қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлем тәртібі мен Батыстың халықаралық қатынастар моделінің арасындағы бәсекелестік алдағы уақытта күшейе түсетінін айтты.

Сайт Әкімшілігі