Сараптама

Путин сапары: АЭС-ті Ресей салады, ЕАЭО-ны ешкім сынай алмайды

Мамыр айында Қазақстан билігі қонақ күтумен әбігер болды. 13 мамырда мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды күтіп алып, 15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитін өткізген Астанаға ай аяғында тағы бір топ президент қонаққа келді.

Фото: Ақорда

Бұл жолы елордада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты. Олардың ішіндегі ең сыйлы қонақ – Ресей президенті Владимир Путин. Кремль қожайыны Қазақстанға кейінгі 1,5 жылда екінші мәрте мемлекеттік сапармен келіп отыр. Тағы бір ескерер жайт, Астанадағы саммитке Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь президенттері ғана қатысты, ЕАЭО-ға мүше бесінші ел Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян өзі келмей, орынбасары Мгер Григорянды жіберіпті.

Пашинян жиналысқа қатыспау себебін «маусым айында өтетін сайлау науқанына байланысты» деп түсіндірген. Бірақ сарапшылар мәселенің түпкі мәні Ереванның Еуропаға бет бұруында жатыр деп санайды. Армения Әзербайжанмен қақтығыс кезінде көмектеспегені үшін Мәскеуге қатты өкпелеген, бірнеше жыл ҰҚШҰ жиналыстарына қатыспай, жарна төлемей жүрді, кейін ұйымнан шығатынын мәлімдеді. Ал биыл мамырдың басында Еуропа елдерінің басшыларын Ереванға шақырып, үлкен саммит өткізді. Яғни Армения ЕАЭО-дан алыстап, ЕО-ға жақындай бастады. Кремль Ереванның бұл қадамына мүлде қарсы, Путин бастап, өзгелері қостап, Пашинянға қысым жасап жатыр. Тіпті Путин «Арменияның екі одаққа бірдей мүше болуы мүмкін емес» екенін де ескертті.

Фото: Ақорда

Ресей президентінің кейінгі 1,5 жылда Қазақстанға екінші мәрте мемлекеттік сапармен келіп отырғанын айттық. Әдетте мемлекеттік сапар халықаралық дипломатияда ең жоғары хаттамалық деңгей саналады. Оның үстіне қалыптасқан қағида бойынша, бір президент бір сайланған мерзімінде бір елге бір рет қана мемлекеттік сапармен барады. Ал соңғы рет 2024 жылы сайланған Путин біздің елге жоғары деңгейлі сапарды жиілетіп жіберді. Ол бұған дейін 2024 жылы қарашада араға 9 жыл салып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген.

Қазақстан – Путин ең көп сапар шегетін ел. Ресей президенті біздің елге осымен 36-мәрте келіп отыр. Қазақстан президенті де Ресейге көп барады. Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметке кіріскеннен бері Ресей және Қазақстан басшылары 38 мәрте кездесіпті. Осының өзі екі ел арасындағы қарым-қатынас өте тығыз екенін көрсетеді.

Сонымен, Путин Астанаға 27 мамыр кеш бата келді. Путин мінген ұшақ еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына қонғанға дейін ҚР Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Тоқаев мәртебелі мейманды елорда әуежайында өзі күтіп алды. Сол сәтте ұшақ трапының алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Ресей делегациясына екі елдің жалаушасын ұстаған балалар қошемет көрсетті. Одан кейін Қазақстан мен Ресей туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті. Әуежай терминалында домбырашы өнерпаздар Құрманғазы күйлері мен орыс халық әуендерінен попурри орындады. Бұл күні ресми жиналыстар болған жоқ, Тоқаев пен Путин бейресми әңгімескені айтылды.

Салтанатты қарсы алу рәсімі 28 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында жалғасты. Қазақстан президенті Ресей басшысын өзі күтіп алды. Кремль қожайынының құрметіне ҚР Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты. Содан соң екі президент бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Осыдан кейін келіссөздер басталды. Алдымен шағын құрамда, кейін кеңейтілген құрамда жиналыс өтті.

Айтпақшы, сапар қарсаңында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде Путиннің «Ресей – Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ» атты мақаласы жарияланған. Сарапшылар осы мақалада айтылған мәселелер Астанадағы келіссөзде талқыға түсетінін айтқан. Ресей президенті мақаласында екі ел арасындағы стратегиялық достыққа ерекше мән беріп, «екі ел арасында мызғымас достық, тату көршілік және өзара тиімді қарым-қатынас берік орныққан» деп жазды. Путиннің мақаласындағы статистикалардың біршамасын кейінгі кездесулерде қайта естідік. Ресейдің Қазақстанға 30 млрд доллар инвестиция салғаны, Қазақстан Ресей экономикасына 9 млрд құйғаны, қазақ мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Ресей аумағынан өтетіні, АЭС салу жөніндегі келісім – бәрі мақала мен келіссөзде қатар аталды. Кей сарапшы Путин бұл мақаласында өктемдік танытпағанын, Қазақстанға барынша сыйластық рәуіште пікір айтқанын жазды. Шамасы Украинадағы соғысқа байланысты сансыз санкцияға ұшырап, жарты әлемнен жырақтап қалған Мәскеу Астана сияқты одақтасының қадірін біле бастаған сияқты.

Ресми дерек бойынша, қос тарап 16 маңызды құжатқа қол қойған. Атап айтқанда, өңіраралық ынтымақтастық, білім беру, көлік-логистика, энергетика және цифрландыру саласы бойынша келісімшарттар бар. Соның ішінде жұрт назар аударып отырған екі құжат аталды. Біріншісі – «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеме. Онда екі елдің «дос болуына» әсер еткен 7 түйін сөз болған. Ал екіншісі – Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісім. Құжатқа Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Ресейдің «Росатом» корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қол қойды.

Сәтқалиевтің айтуынша, елдегі алғашқы АЭС құрылысы 2027 жылы басталып, бірінші энергоблогы 2034 жылы пайдалануға беріледі. Жобаға шамамен 16,5 млрд доллар жұмсалады. Қазақстан бұл қаржыны Ресейден несиеге алмақ. Астанаға сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Путин АЭС салуға бөлінген қаржы желге ұшпайтынын, оны Кремль кейін пайызбен қайтарып алатынын айтты.

«Біз ол ақшаны жай беріп қоймаймыз – несиеге береміз. Ол кейін Ресей қазынасына қайтарылады. Жағдайға байланысты пайызбен береміз», – деді Путин.

Қазақстанда АЭС салу Ресейдің көптен бергі арманы еді. Тіпті біздің елдегі алғашқы АЭС жөнінде Астанадан гөрі Мәскеу көбірек айтқан шығар. Мысалы, 2019 жылы Путин Тоқаевпен кездесуде Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салуды ұсынған. Ол бұл ұсынысын 2021 жылы тағы қайталап, «Астана АЭС салғысы келсе, Мәскеу көмектесуге дайын» деп мәймөңкеледі. «Росатом» қазақ даласында атом электр станциясын салуға дайын» дегенді ресейлік шенділер одан бері де сан мәрте айтты. Кремль сол арманына ақыры қол жеткізбек. Астана әу баста АЭС-ті халықаралық консорциум салатынын айтқанымен, қазіргі жағдайға қарағанда, жоба түгелге жуық Мәскеудің қолына өткен сияқты.

Президент Тоқаев Путиннің мемлекеттік сапармен келгеніне алғыс айтып, Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасына жоғары баға берді. Әрі Қазақстан үшін Ресеймен достық және одақтастық байланыс өте маңызды екенін атап өтті. «Біздің елдеріміздің арасында қандай да бір даулы мәселелер жоқ. Тек оң динамика бар және біз ынтымақтастықты жаңа идеялар мен жобалар арқылы үздіксіз дамытып келеміз», – деді мемлекет басшысы. Бірақ Тоқаевтың «арамызда шешімін таппаған даулы мәселе жоқ» дегенді халықаралық кездесулердің көбінде қолданатынын байқап жүрміз. Қытай басшысымен, Түркия президентімен және басқа да кездесулерде дәл осылай деген болатын.

Фото: Ақорда

Ал Владимир Путин Астана мен Мәскеу арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық артып келе жатқанын айтып, Қазақстанда Ресей университеттерінің филиалдары ашылғанын атап өтті. Сондай-ақ өзі аузынан тастамайтын «екі елдің ортақ тарихын құрметтеу» мәселесін тағы көтерді. Ресейлік шенділердің «ортақ тарих» деп өзеуреп жүргеніне көп болды. Өйткені Қазақстан сияқты бұрынғы бодан елдер КСРО кезіндегі тарихты қайта зерттеп, шынайы деректер бойынша өз ұлттық тарихын жазып қоя ма деп қауіптенеді. Оларға қазақтың ата тарихын ХХ ғасырдың басынан бастап, КСРО жазған қызыл тарихпен өмір сүргені керек. Бұған қоса Путин Қазақстан президентінің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымын мақтап, оның «әлемде орыс тілінің және орыстілді мәдени-гуманитарлық кеңістіктің рөлін сақтап отырғанын» айтты. Осылайша, екі президент бір-бірін мақтап, көңілді қоштасты.

Келіссөздерде Украинадағы соғыс және оның салдары жайлы ашық әңгіме айтылған жоқ. Екі президент арасындағы бейресми кездесуде бұл тақырыпты талқылады ма, жоқ па, белгісіз. Тек жалпы отырыстан кейінгі баспасөз мәслихатында Тоқаев «Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөзде Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік мәселесін де талқылағанын» айтты. Бірақ нақты қандай мәселе сөз болғаны белгісіз.

Путиннің мемлекеттік сапарымен қатар 28 мамырда – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшылары қатысқан Еуразиялық экономикалық форум, 29 мамырда – Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы өтті. Бұл жиындарға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин, Армения вице-премьері Мгер Григорян және Өзбекстан, Куба және Иран өкілдері қатысты. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы, Қаңтар оқиғасына дейін Алматы қаласының әкімі болған Бақытжан Сағынтаев құрметті меймандар қатарында болды.

Бұл отырыстардың басты тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрландыру. Экономикалық форумға қатысушылар Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктерімен танысып, Astana Smart City, Alem GPT, Smart Data Finance, Smart Cargo+Keden сияқты жобалармен танысты. Сондай-ақ 29 мамырда өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің 5-отырысында да жаһандық экономикадағы өзгерістер, цифрландыру, жасанды интеллект мәселелері талқыланды.

Кейінгі бірер жылда Қазақстан жастанды интеллект тақырыбына қатты назар аудара бастағаны байқалады. Былтыр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрды, ел аумағында өткен жиын-тойдың бәріне осы технологияны тақырып ретінде қойып жүр. Мысалы, мамырдың ортасында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті де «Жасанды интеллект және цифрлық даму» деп аталған. ЕАЭО жиналыстарында да осы тақырып маңызды орынға шығады.

Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа 2014 жылы 29 мамырда қол қойылған. Яғни Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 5-отырысы ЕАЭО құрылғанына 12 жыл толған «айтулы күнде» өтті. Жиналысқа қатысушылар ЕАЭО-ны мақтап, ол одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына оң әсер етіп отырғанын жарыса айтып жатты. Мысалы, 2025 жылы ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымы 95 млрд доллардан асқан. Ал биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғайып, 100 млрд-қа жетпек.

Бірақ сарапшылар бұл ұйымның тиімді екеніне сенбейді. Тіпті «ЕАЭО – Ресей үшін құрылған одақ» деп санайтындар көп. Өйткені одақ шарттарының Мәскеуге ғана тиімді екенін дәлелдейтін бірнеше мысал бар. Біріншіден, ЕАЭО шарттары құрамындағы елдерге бірдей емес, ойын ережесі де тең емес. Одақ аумағына тауар кіргенде төленетін кедендік алым мүше елдерге теңсіз мөлшерлемемен бөлінеді. Атап айтқанда, алымның 6,955%-ын – Қазақстан, 1,9%-ын – Қырғызстан, 1,22%-ын – Армения, 4,86%-ын – Беларусь алады. Ал Ресейдің қалтасына алымның 85,065%-ы түседі. Айырма жер мен көктей. Әрине, Ресей халық саны көп, жалпы ішкі өнімі жоғары мемлекет ретінде көбірек табыс алғаны орынды шығар, бірақ мөлшерлемені 10 жыл бойы өзгертпей ұстап отыру жөнсіз екені анық.

Екіншіден, одақ ішіндегі сауда тек Ресейге бағытталған. Егер экономикалық одақ шынайы нарық заңына сай құрылса, мүше мемлекеттер арасындағы байланыс жан-жақты болар еді. Бірақ ЕАЭО аясында Ресей Қазақстанмен, Қырғызстанмен немесе Армениямен сауда жасайды. Ал өзге 4 елдің арасында өзара байланыс жоқ. Мысалы, Қазақстанның 2025 жылғы ЕАЭО елдерімен жалпы саудасының 89 пайызы Ресеймен жасалған. Армениямен сауда-саттығымыз – 0,2 пайыз ғана. Сол сияқты Беларусь пен Қырғызстан арасында мүлде экономикалық байланыс жоқ.

ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік кооперация негізінен ірі ойыншылардың мүддесіне жұмыс істеп тұрғанын осы жолы қырғыз президенті Садыр Жапаров та айтты. Оның айтуынша, экономикасы шағын елдер аумағында бірлескен өндірістерді жерсіндіру іс жүзінде жүзеге аспай отыр. ЕАЭО қанша тиімсіз болса да, оны ашық сынауға ешкімнің батылы бармайды. Бәрі Жапаров сияқты жанамалап қана айтуға мәжбүр. Мысалы, 2017 жылы Лукашенко одақ аясында шығынға батып отырғанын тілге тиек етіп, тең жағдай жасалмаса, одақтан шығатынын мәлімдеген. Сол кезде Путин «одақтан кетсеңдер, газ бағасын көтереміз» деп Лукашенконы тез сабасына түсірген. Кремльдің қолында мұндай «көзір» көп, қажет болса, өзге одақтағы елдерге де қарата қолдана алады. Сол үшін де көбіне тілімізді тістеп қалуға мәжбүрміз.

Қуаныш Қаппас

Сайт Әкімшілігі