Путин шетелдегі ресейліктерге қатысты шектеу енгізетін заңға қол қойды
Ресей президенті Владимир Путин шетелде жүрген және сот үкімін немесе әкімшілік жазаны орындаудан жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу енгізетін заңға қол қойды.
Жаңа заң бойынша мұндай азаматтарға мемлекеттік және консулдық қызметтер көрсетілмейді, шетелдік паспорт пен сенімхат рәсімдеуге шектеу қойылады. Сондай-ақ олардың жылжымайтын мүлкі мен көлігін сатуға тыйым салынып, банк шоттары бұғатталуы мүмкін.
Заң Ресей Қылмыстық кодексінің кез келген бабы бойынша сотталған немесе бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін жауапқа тартылған, кейін жазаны орындаудан жалтарып шетелде жүрген адамдарға қолданылады. Оның ішінде Ресей армиясын «қаралау», «шетел агенті» талаптарын бұзу және басқа да саяси сипаттағы баптар бар.
Құжат 4 тамыздан бастап күшіне енді. Құқық қорғаушылар бұл заңды шетелдегі саяси белсенділердің азаматтық құқықтарын шектейтін құжат деп бағалап, оны «азаматтық өлім туралы заң» деп атады.