Саясат

Путин тағы да ядролық қарумен қорқытты

Ресей президенті Владимир Путин Калининградқа немесе Ресейдің кез келген өңіріне шабуыл жасалған жағдайда Мәскеу "барлық қару-жарақ арсеналын" қолданатынын мәлімдеді.

Фото: скриншот

Бұл сөз Батыс пен НАТО-ға бағытталған кезекті қатаң ескерту ретінде бағаланып отыр.

Путин бұл туралы 1 қазанда "Валдай" пікірталас клубының отырысында айтты. Оның сөзінше, егер Калининград облысына немесе Ресейдің басқа аймағына тікелей шабуыл жасалса, Мәскеу жауап ретінде қолындағы барлық әскери мүмкіндікті пайдалануы мүмкін.

"Егер Ресейдің кез келген өңіріне, соның ішінде Калининградқа шабуыл жасалса, онда Ресейдің барлық қару-жарақ арсеналын қолдану туралы сөз болады", – деді Путин.

Ресей басшысы бұл мәлімдемені Мәскеудің НАТО елдеріне жолдаған ескертуімен байланыстырды. Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігі бірқатар елге Калининградты оқшаулау әрекеті Ресейге қарсы агрессия ретінде қабылданатынын ескерткен. Батыс басылымдарының жазуынша, Мәскеу мұндай жағдайда барлық құралды, соның ішінде ядролық қаруды да қолдануы мүмкін екенін меңзеген.

Сонымен бірге Путин Ресейдің Еуропа елдеріне шабуыл жасау жоспары жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Мәскеу тек өз аумағына төнген қауіпке жауап беруге дайын.

Калининград облысы – Ресейдің Балтық теңізі жағалауындағы анклавы. Ол Польша мен Литваның арасында орналасқан және НАТО елдерімен қоршалған. Украинадағы соғыс басталғалы бері бұл аймақ Мәскеу мен Батыс арасындағы әскери-саяси шиеленістің маңызды нүктелерінің біріне айналды.

НАТО бұған дейін Ресейдің ядролық риторикасын жауапсыз әрі қауіпті деп атаған. Альянс өз әрекеттерінің қорғаныс сипатында екенін айтып, Мәскеуді Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырып келеді.

Сайт Әкімшілігі