Саясат

Путин Зеленскиймен кездесуге қарсы емес екенін айтты

Ресей президенті Владимир Путин Украина мәселесі бойынша түпкілікті келісім жасалғаннан кейін Зеленскиймен кездесуге қарсы емес екенін мәлімдеді.

Фото: скриншот

Ол бұл туралы 9 мамырдағы Жеңіс парадынан кейін бірнеше сағат өткен соң журналистер алдында сөйлеген кезінде айтты.

Путин Зеленскийдің өзімен жеке кездескісі келетінін, Ресей мұндай кездесуден ешқашан бас тартпағанын және “кім қаласа, Мәскеуге келе алатынын” жеткізді.

Сонымен қатар ол үшінші елде кездесу өткізуге де қарсы емес екенін айтты. Алайда мұндай кездесу келіссөз жүргізу үшін емес, дайын келісімге қол қою үшін өтуі керек екенін атап өтті.

“Бұл кездесу соңғы нүкте болуы тиіс. Себебі біз келіссөздің не екенін жақсы білеміз. Мен мұны Минсктегі келіссөздер кезінде өз көзіммен көрдім. Сағаттап, күндіз-түні сөйлесесіңдер, бірақ нәтиже болмайды”, – деді Путин.

Оның айтуынша, алдымен мамандар екі тарапқа да түсінікті құжаттарды әзірлеп, барлық мәселелерді келісіп алуы керек.

“Содан кейін кез келген жерде кездесіп, құжатқа қол қоюға немесе қол қою рәсіміне қатысуға болады”, – деді Ресей президенті.

Брифинг барысында Путин Украинадағы соғыс аяқталуға жақын қалғанын да меңзеді.

Ол 2022 жылы Ыстанбұлда Ресей мен Украина белгілі бір келісімге келгенін еске салды. Путиннің сөзінше, кейін Франция президенті Эммануэль Макрон хабарласып, Украина “самайына тапанша тақалған жағдайда” мұндай тарихи құжаттарға қол қоя алмайтынын айтқан.

Путин сол келісім бойынша Ресей әскері Киевтен шығарылуы тиіс болғанын және Мәскеу бұған келіскенін мәлімдеді.

Алайда кейін Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Борис Джонсон Ресеймен мұндай келісімге қол қоюға болмайтынын, өйткені ол “әділетсіз келісім” екенін айтқанын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі