Путин: Жанармай тапшылығы Украинадағы соғысқа әсер етпейді
Ресей президенті Владимир Путин Украина дрондарының мұнай инфрақұрылымына жасаған шабуылдарынан кейін туындаған жанармай тапшылығы майдандағы жағдайға әсер етпейтінін мәлімдеді.
23 маусымда үкімет мүшелерімен өткен видеоконференция барысында Путин елдегі жанармаймен қамтамасыз ету мәселесіне алғаш рет ашық пікір білдірді.
Жиында премьер-министрдің орынбасары Александр Новак ішкі нарықтағы жағдайды «күрделі, бірақ бақылауда» деп бағалады. Оның айтуынша, кейбір өңірлер мен жанармай құю бекеттеріндегі тапшылық уақытша логистикалық қиындықтарға байланысты.
Новактың сөзінше, үкімет мұнай өңдеу зауыттарының қуатын барынша арттырып, жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегерген немесе қысқартқан.
Әсіресе Қырым, Севастополь, шекаралас өңірлер, Қиыр Шығыс және Калининград облысын отынмен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Ал премьер-министрдің тағы бір орынбасары Марат Хуснуллин Қырымда дрон шабуылдарынан зардап шеккен туризм саласын қолдау бойынша арнайы шаралар әзірленгенін хабарлады.
Путин Украина дрондарының шабуылдарын болашақ келіссөздер алдындағы позицияны күшейту әрекеті деп бағалады.
«Киев режимінің мұндай әрекеттері майдандағы жағдайдың дамуына әсер ете алмайды. Керісінше, бұл біздің әскери қызметкерлерді алдарындағы міндеттерді бұрынғыдан да табанды орындауға ынталандырады», – деді Ресей президенті.
Ол Қорғаныс министрлігін, үкіметті және өңір басшыларын ықтимал шабуылдарға қарсы үйлесімді жұмыс істеуге шақырды.