Саясат

Қанқұмар Молотовтың немересі қазақтан кешірім сұрауы тиіс!

Молотовтың немересі бүлік шығарды. Ресей телеарнасының «Большая игра» бағдарламасында «Қазақстан деген болған емес, Солтүстік Қазақстанда адам тұрған емес.

Jasalash.kz

Олар (қазақтар) болды, әйтеуір, бірақ оңтүстікке қарай өмір сүрді. Қазақстан территориясы Ресей мен Совет Одағының берген үлкен сыйлығы. Орталық Азия елдерінде де осындай жағдаяттар бар», – деді «Бірінші канал» телеарнасында Ресей мемлекеттік думасы  білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов.  

       Никоновтың мәлімдемесінен соң, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің алдына біреулер «Солтүстік Қазақстан – Ресейдің жері» деп жазып кетті.

Қазақстан халқының ашу-ызасы, ар-намысы жібермеген болуы керек, еліміздің сыртқы істер министрлігі  Ресейдің уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақырып,  наразылық нотасын тапсырды. Халық та үнсіз қалған жоқ. Біздің азаматтар Ресейдегі Никоновтың әлеуметтік желідегі парақшасына жүздеген жазба қалдырды. «Тарихты оқы, Никонов, тарихқа қара!» – деп жазды қазақстандықтар. Артынан Вячеслав Никонов жуасыған кейіп танытты. Өз сөзіне түсініктеме берді. Бірақ қазақ халқынан кешірім сұраған жоқ. «Қазақ ССР-нің шекарасы Қазақстанның мүддесі тұрғысынан жасалған барлық шаралар негізінде бекітілді. Мен «Большая игра» бағдарламасының барысында осыны айтқым келді. Осы жағдайды ескере келе, бауырлас Қазақстан халқына  жылы сезімімді, ыстық ықыласымды білдіремін», – деді мемлекеттік дума депутаты Вячеслав Никонов.

      Кезінде қуғын-сүргін жылдары Никоновтың атасы Молотов 372 адамды атуға бұйрық беріп, қара тізімге өзі  қол қойғаны белгілі. Енді, міне, қанқұмар атасының «ерлігін» қайталағысы келген  немере Никонов Қазақстан территориясына тәуелсіздік қарсаңында көз алартты. Бірақ сыртқы істер министрлігінің жіберген наразылық нотасына  Ресейдің ресми тарапы әлі ләм-мим деген жоқ. Тек мемлекеттік думаның ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Виктор Водолацкий алдарқатар жауап бергендей болды.  «Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы шекарасын толық мойындайды. Ең бастысы, Қазақстан – біз үшін көптеген келісімшарттар жасаған достық қатынастағы мемлекет. Қазақстан Ресей үшін ТМД аумағындағы ең белсенді әріптес. Вячеслав Никонов мұның қандай да бір салдары бола қояды деп ойлаған жоқ. Менің ойымша, пайда болған дау шешіледі. Оған қатты мән берудің қажеті жоқ», –  деді мемлекеттік думаның ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Виктор Водолацкий. Осымен мәселені жылы жауып қоя салуға болар еді. Бірақ Ресейдің арандатушы саясаткерлерінің тарапынан жиі болатын және жыл сайын қайталанып отыратын бұл әрекетіне қалай тойтарыс беруге болады?

      Бұл орайда, ең алдымен Қазақстанның ресми билігі қатаң саясат ұстанып, қатқыл мәлімдеме жасауы керек. Ресей президенті «Қазақстанда ешқашан мемлекет болмаған» дегенде де біздің билік үнсіз қалған. Тек  қараша халық қазақ қана намыстанып жауап қатқан.  Кеше Молотовтың немересі пікір айтқанда «мәжілістен орын аламыз» деп, сайлауда жанталасып жатқан партиялардың ешқайсысы жауап берген жоқ. Тек қана сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Вячеслав Никоновтың арандатушылық сөзіне қарсы пікір білдірді.

— Ерте замандардан бері қарай аталған жерлерді қазақ тайпалары жайлағаны басы ашық ақиқат. Дәл осы жерде біздің заманымызға дейін үшінші мыңжылдықта өмір сүрген атақты ботай мәдениетінің қоныстары табылды. Ботайлықтар жабайы жылқыларды қолға үйреткен, жылқы шаруашылығымен және әртүрлі кәсіппен айналысқан. Ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы осы далада біздің тікелей бабаларымыз – сақтар, ғұндар, түркілер, қыпшақтар мен қазақтар құрған мемлекеттер бірін-бірі алмастырып отырды. Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан – Керей мен Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық қазақ хандарының атасы. Жошы ханның мазары Ұлытауда, Орталық Қазақстанның аумағында орналасқан. Алтын Орда ыдырағаннан кейін 1465 жылы Қазақ хандығы құрылды. Оның 550  жылдығын 2015 жылы Қазақстан мемлекеттік деңгейде атап өтті. Міне, дәл осы хандық Ресеймен достық қарым-қатынас орнатқан. Бұл туралы ресейлік ғалымдар жан-жақты зерттеулер жасаған, – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

      Өз сөзінде сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Никоновтың сөзі қазақ халқының ашы-ызасын тудырғанын айта келіп, мұндай мәлімдемелерге жол беруге болмайтынын айтты.

   – Бұл – саяси жауапсыздық қана емес, берік достық қарым-қатынас орната білген миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау. Мен үшін де және миллиондаған қазақстандық үшін де орыс пен қазақ халқы арасындағы достықты сақтаудың маңызды екені айқын. Әсіресе айыптаулар мен арандатушылық мәлімдемелерге жол беруге болмайды, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

     Рас, Молотов немересінің арандатушы пікіріне халық тарапынан лайықты жауап қайтарылды. Алайда пікірге қарсы пікір айтып, осылай отыра береміз бе? Кейінгі жылдары оппозициялық және патриоттық ойларын ашық  айтып жүрген белсенді Ермек Нарымбаев қол қойылған достық келісімшарттарға қарамастан, қауіпсіздігіміз үшін Ресеймен арадағы шекараға қуатты әскери күштерді орналастыру керек деп отыр.  

     – Никонов қатардағы жай депутат емес. Ол Ресейдің мемлекеттік думасындағы  комитет төрағасы.  Әсірелеп айтар болсақ, бұл – агрессиялық әрекет алдындағы жасалған мәлімдеме. Бірнеше жылдан бері мұндай пікірді Жириновский, тіпті Путиннің өзі айтып жүр. Ресейдің вице-президенті болған Александр Руцкой да айтқан.  Олардың бұл әңгімені бықсытып отырғаны бекер емес. Өйткені  шекаралық аймақ,  дәл осы Солтүстік Қазақстан облысы қазір қорғансыз күйде қалып отыр. Экономиканы, халықтың әлеуметтік жағдайын да ойлағанымыз дұрыс шығар. Бірақ біз шекарамызды да берік қорғауымыз керек. Сондықтан әрбір қазақ әскер қатарына шақырылмаса да, өздігінен Отанын қорғауға дайын болуы керек. Халықтық атқыштар клубына жазылып, мылтық атудың қыр-сырын үйренуі қажет. Осындай қадам арқылы қазақ өзін ғана емес, отбасын, ағайын-туысын және Отанын қорғауға дайын болады. Қазақстанның қорғаныс және сыртқы істер министрлігі өз ісімен айналысуы керек. Олар қазір біздің сыртқы қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп отырған жоқ. Жириновский,  Никонов және Руцкой сияқтыларға Қазақстанда орын болмауы тиіс. Ондай адамдарға неге нонграт жарияланбайды?

       - Қалыптасқан жағдайдың алдын алу үшін Қазақстанның қорғаныс саласын қайта қарау қажет. Елімізде төрт десанттық шабуылдаушы бригада бар. Оның үшеуі Қырғызстанмен шекаралас аймақта орналасқан. Ол жерде неғып жүр?  Неге олар Ресеймен шекаралас аймақта орналаспаған? Егер қандай да бір тосын  оқиға орын алса, оларды солтүстікке жеткізу қиынға түседі. Сондықтан әскери көлікті таситын ұшақтар сатып алуымыз қажет. Территориямыз өте үлкен болғандықтан, авиациясыз еш нәрсе істей алмаймыз. Таяу Шығыс пен Қарабақтағы соғыс көрсеткендей, пилотсыз ұшақтармен айналысатын арнайы полк дайындауымыз керек. Түркияның пилотсыз ұшқыштары Таяу Шығыс пен Оңтүстік Кавказда өздерін жақсы көрсетті. Біздің десанттық шабуылдаушы бригадалар ешқандай қауіп тудырмайтын Қырғызстанда  емес, қатер болатын аймақта тұруы керек. Кем дегенде десанттық бригадалардың екеуі елдің орталығын қорғауы тиіс. Барлық шекаралық аудандарда қалалық қорғаныс полкы тұрғаны дұрыс, –дейді Ермек Нарымбаев.

       Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев «егер Ресей тарапынан осындай арандатушы әрекеттер жасала беретін болса, Қазақстан Ресейге тікелей қатысы бар бірнеше ұйымнан шығуы керек» деп санайды.

— Кремль мұнарасынан Қазақстанға қарап түкіретіндерге тоқтау салмаса болмайды. Әлемдік дипломатияда бұл мәселеге қатысты позициясын ашық білдіріп, жүзеге асыратын құралдар  өте көп. Біздің сыртқы істер министрлігі наразылық нотасын жолдап қана қоймай, Никонов, Соловьёв, Жириновский сияқтылардың елге келуіне тыйым салуы керек немесе олар қазақ халқынан кешірім сұрауы қажет. Қалай айтқанда да, бұл біздің егемендігімізді қорғайтын алғашқы қадам болар еді. Ал одан кейінгі қадам Еуразиялық экономикалық  қауымдастық пен Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымынан (ОДКБ) шығу болуы тиіс. Өзбекстан да бір кездері осындай қадамға барды, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.  

      Саясаттанушы Расул Жұмалы да ТМД аумағында Ресей қолдан жасаған «ыстық нүктелерден» Қазақстан билігі осы уақытқа дейін сабақ ала алмай отырғанын айтады.

Ресейлік пропаганданың құрбаны болған Молдова, Украина, Грузияның өте ащы сабақтарынан билік қайта сабақ алмады. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс отын тұтатқан Молотов деген иттің баласының немересі жасаған мәлімдеме аталған жауапсыздық пен намыссыздықтың кезекті бір сорақы көрінісі ғана. Әсіресе дәл біздің Тәуелсіздік күніміз қарсаңында. Мәселе тіпті Никонов, Жириновский, Лимоновтарда емес. Мәселе – қазақты кемсіткен осындай неофашистерді сол қазақтың елінде Ресей телеарналары арқылы тайраңдатып қойған билікте. Ал енді өз құндылығыңды өзгеге таптатып қойып, бетіңнен оның түкірігін сүртумен әлек болсаң сені кім сыйламақ? – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

     Расында да, бізге тәуелсіздігімізге, территориялық тұтастығымызға күмән келтіретіндерге қарсы пікір айтып, оларды орнына қоятын, позициясын ашық білдіре алатын билік  керек. Әйтпесе көрінгеннен, иттің итақайынан сөз естіп, осылай бұрқылдап отыра береміз. Бірақ билік жасай алмаған әрекетті қазақтың қарапайым жігіттері істеді. Кеше Алматыда Мәскеудегі әрекетке намыстанған қазақтың «Намыс» қозғалысының жігіттері Қазақстандағы Ресей елшілігінің шарбағына жауап ретінде «Солтүстік Қазақстан – қазақтың жері!» деген баннер іліп кетті. Әзірге қолымыздан келетіні де осы.

Батыр Жасұлан
Тегтер: Без Тега