Сараптама

Қаңтардан кейін ешнәрсе баяғыша болмайды

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен және іскерлік топтардың қаржысымен (тұңғыш президенттің ресми сайты таратқан ақпарат бойынша) салынған елордадағы бас мешіт туралы әңгіме ел арасында әлі талқыланып жатыр.

Jasalash.kz

Қайбір күні «Жас Алаштың» Шымкенттегі қосынына теолог-ғалым Әбілқайыр Қосуақов хабарласты.

— 12 тамызда елордада Нұрсұлтан Назарбаев ашқан, ақпарат құралдарында «Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт, бір мезгілде ішінде 35 мың адам намаз оқи алады» деген ғибадат үйі туралы елдің аузында қазір әрқилы пікірлер бар. Оны «жемқорлар салған мешіт» деп те атап жатыр. Мұны да негізсіз дей алмайсыз. Қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 107- аятында Алла тағала:

«Сондай зиян тигізу, қарсы келу, Мұсылмандардың арасын ашу және бұрыннан Алла және Елшісіне қарсы соғысқан біреуді күту үшін мешіт жасап алғандар: «Игілікті ғана қалап едік» деп әлбетте ант ішеді. Сондай-ақ Алла олардың асқан суайт екендігіне куәлік етеді» деген. Осыдан кейін Алла тағала пайғамбарымызға ол мешітте әсте намаз оқымауды бұйырған. «Бастапқы күннен бері тақуалық негізінде салынған (Құба) мешіті намазға тұруына тағы лайық. Онда тап-таза болуды сүйетін кісілер бар. Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді. Ендеше, іргетасын Алладан қорқып, ризалығына сәйкес салған біреу жақсы ма? Немесе іргесін құлайтын бір жардың ернеуіне салып, онымен тозаққа құлаған біреу жақсы ма? Алла залым елді тура жолға салмайды», – деп жазылған аталған сүреде. Түсінген адамға осы аяттарда көп мән бар, –деді ғалым.  

Қосуақовтың ойынша, бас мешіттің ашылу салтанатына президент Тоқаевтың, бас мүфтидің бармауында көп мән бар. Назарбаевтың ол жерге Тоқаевты шақырмауы мүмкін емес. Бірақ президент шақыртуды қабыл алмады. Ал Назарбаевтың қасында ініне су кеткен атжалмандарша күн кешіп жүрген, бүгінде бар ықпалынан айырылған экс-шенеуніктер ғана болды.

-  Біз ескі кадрлармен ешқашан да Жаңа Қазақстанды құра алмаймыз. Сондықтан ескі жүйенің сойылын соққандардың бәрі де биліктен кетуі тиіс. Халық осыны қалап отыр, – дейді ғалым.

Бас мешіттің ашылу рәсімінде Назарбаевтың қасында оның бұрынғы үзеңгілес әріптестерінің бір тобы жүрді. Экс-премьер Асқар Мәмин, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев болды. Есесіне, осы топтың ішінен табылуы тиіс «ескі гвардияның» біраз мүшелерін көре алмадық. Ахметжан Есімовтің, Қайрат Мәмидің жоқтығы қатты білінді. Нұрлан Нығматулин де төбе көрсетпеді? Болат Өтемұратов қайда? Ал ашылу рәсіміне Қасым-Жомарт Тоқаевтың келмеуінің арғы жағы — қып-қызыл саясат.   

Рәсімге жиналғандар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев:

– Мен мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қалап едім. Сол кезде менімен бірге қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болды. Аллаға ризашылығымызды айтып, болашақта халқымыздың Тәуелсіздігі мен еліміздің еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік. Асыл дінімізге қолдау көрсету әу бастан мұсылмандық міндетім, халқымның алдындағы перзенттік парызым деп білдім, – деді.

Назарбаевтың осы сөздерін әрқилы топшылауға болады. Оның арғы жағынан «Енді бүгін Тоқаев менің қасымда неге жоқ?» деген мағына аңғарылмай ма? Әлде Назарбаев Тоқаевпен әлі де болса ниеттес, тілеулес, бір мақсат-мұрат жолында қызмет етіп жүргенін білдіргісі келді ме? Ал енді Тоқаевтың астананың бас мешітінің ашылу салтанатына бармауының екі жағы бар.

Бұл біріншіден, Тоқаев пен Назарбаев арасының қатты алшақтағанын білдіреді. Екіншіден, Елбасы мен Тоқаевтың қол ұстасып, баяғыша бірге жүруін қазіргі қазақ қоғамының қабылдай алмайтыны айдан анық еді. Мұны президент те, оның айналасындағылар да жақсы түсінді.

Қаңтар оқиғасынан кейін ешнәрсенің баяғыша болмайтыны айтпаса да түсінікті емес пе?

Б. Ерназар
Тегтер: Без Тега