Қар күреп, картоп аршып, аула күзететін қазақ армиясы
Қазақстан vs Өзбекстан3,9 млрд АҚШ доллары. Бұл Қазақстанның әскерге бөлген қаржысы.
2023 жылдың қаңтар айында мемлекеттік басқару және қорғаныс саласындағы негізгі капиталға бағытталған инвестиция мен міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген қаржы 23 млн долларға жеткен. Ал оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанның бюджеті небәрі 693 млн долларды, тиісінше инвестициясы 3 млн долларды құрайды. Есептік жүйеге сүйенсек, Қазақстан Өзбекстанға қарағанда әскер әлеуетіне 7-8 есе артық қаражат жұмсап отыр. Алайда finprom.kz сайты шығарған қорытынды бойынша Өзбекстан әскері Орталық Азияда көш бастап тұр. Көршіміздің көлеңкесінде қалуымыз бірінші рет емес. 2022 жылы Өзбекстан әскері ең қуатты елдер рейтингінде 55-орынға жайғасып, ал Қазақстан 64 орынды місе тұтқан. Ағымдағы жылы да Өзбекстан алда, Қазақстан қапыда қалып отыр. Экономикалық бәйгеде бәсі биік Қазақстан неге «өз ағасынан» әскери қуатын асыра алмай отыр?
«Кеңестік парадигма»
Әлем проблемаларын зерттейтін SIPRI Стокгольм институтының хабарлауы бойынша, Кеңес одағы тарағалы бері соңғы 32 жылда Қазақстанның қару-жарақ арсеналы ресейлік өніммен толықтырылып келді. Қазақстан қарулы күштерінің кемінде 90-95 пайызы ресейлік техника деп сенімді түрде айтуға болады. 2021 жылдың өзінде елімізге Ресейден зенит-зымыран кешендері сатып алынды. Ал Өзбекстан Мәскеуге қарамай, АҚШ-пен саяси диалог жүргізуде. Оған дәлел, оңтүстіктегі көршіміз биыл 600 мың долларын АҚШ-тың әскери техникасын сатып алуға жұмсаған. Былтыр қараша айында да АҚШ қарулы күштері Өзбекстанға 50 әскери техникалық көлікті ұсынған болатын. Көрші елдегі америкалық дипломаттардың айтуынша, келісім «серіктестердің әскери әлеуетін көтеру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Сонымен қатар 2021 жылы Өзбекстан Қытайдың QW-18 зенит-зымырандарын сатып алып, сынақтан өткізген. Ресей мен Украинадағы соғыс жағдайын нысанға алсақ, Өзбекстан қару-жарағы бойынша елімізден едәуір алда деуге болады. «Өзбек ағайынның» асығының алшысынан түсуінің тағы бір дәлелі – Өзбекстанның ұлттық гвардиясы АҚШ-тың Миссисипи штатында 10 жыл қатарынан оқу-жаттығу тәжірибесін өтіп келеді. Ал Қазақстанның дайындығы «кеңестік парадигмадан» әрі аса алмай отыр. Әскери саясаттанушы Ғазиз Әбішев елімізге «тәуелсіз офицерлік корпус» керек екенін айтады.
Біздердің әскеріміздің басты әлсіздігі – офицерлік шектеу. Ашып айтқанда, қарулы күштеріміз тәжірибе алмасуға тек Ресейге барады. Бұл әскеріміздің дамуына кедергі тудыратыны сөзсіз. Оқу-жаттығулар өткізу үшін солтүстіктегі көршімізбен ғана шектелмей, әскери тәжірибесі мол елдерге, атап айтқанда Түркияға, Ұлыбритания елдеріне баруымыз керек. Еуропа елдерінің соғыс тәжірибелерімен танысу қажет. Қару-жарақ сатып алуда да Ресейді жағаламай, заманауи, сыналған техникаларға қаржы жұмсаған дұрыс, – дейді саясаттанушы.
«Сенген қойым сен болсаң...»
Қазақстан әскері қаумалап жүрген Ресейдің жағдайына тоқталсақ. Соңғы айларда Мәскеуге әскери дрондар тасталынды. Оның бірі – бизнес орталыққа түссе, екіншісі – қорғаныс министрлігі ғимараттарының біріне құлаған, үшіншісі – Кремльге жеткен. Әлем рейтингі бойынша 2-орындамыз деп келген Ресейдің жау жақтың шабуылының алдын ала алмауы, Қазақстанның әскери шама-шарқын көрсетіп-ақ береді. Ғазиз Әбішевтің айтуынша, осындай жағдай елімізде орын алса, қорғанысымыз қонысымызды сақтай алмайтыны анық.
Ресей мен Украинаның жағдайын алатын болсақ, Украинаның қару-жарағы өте мықты. Қазіргі жағдайда Ресей әскери дрондарға төтеп бере алмай отыр. Қазақстан жағдайында, әрине, дипломатиялық келісімдер жүргізіліп жатыр. Аталған жағдай орын алады деп айта алмаймын. Алайда сондай жағдай бола қалса, жау жақтан әскери дрондары алдымен маңызды қалаларға тасталынатынын ескерсек, біз Астана мен Алматыны қорғап қала алмаймыз. Себебі қарулы күштің соғыс дайындығы төмен, – дейді Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанға соғыс қаупі төнген жағдайға Ресей көмектесуге міндетті. Мұндай жағдайда «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегеннің күйін кешетініміз анық.
Өзбекстанда хәл қалай? Өзбекстанның Ауғанстанмен ортақ 150 км шекарасы бар. Өзбекстан Ауғанстан, Пәкістан және Сириядағы көтерілісшілер қосылған Исламдық қозғалыстың ордасы болып табылады. Осыған байланысты жыл сайын Ташкент және Оңтүстік-Батыс аудандары, Әуе қорғанысы, Әуе күштерінің әскери бөлімдерінде жеке құрам мен әскери техниканың жауынгерлік дайындығын жоспарлы түрде тексеру жүргізіліп отырады. Мұндай тәжірибе армияны тиімді ететіні сөзсіз. Шырт ұйқыдан шалт тұратын өзбек әскері туралы әскери сарапшы Рустам Бурнашев былай дейді:
Өзбекстан қарулы күштерінің Қазақстаннан басым болып тұрғанының бірден-бір себебі – Ауғанстанмен шекараластығы. Өзбекстанда террористік қауіптілік деңгейі жоғары. Сондықтан олар әрқашан соғыс дайындығын жүргізіп отырады. Сонымен қатар соғыс болған жағдайда тек қарулы күш қана емес, әскерге жарамды ер адамдардың барлығы ұрыс алаңына жіберілетіндіктен, өзбек армиясы бізден мықтырақ деуге болады. Себебі оларда халық саны бізден көп.
Осы тұста тың дерек, Өзбекстан қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, 2016 жылы мерзімдік борышын өтейтін бір сарбаздың орнына 8 үміткерден таласқан. Ал Қазақстанда 35 мыңнан артық адам әскерге барудан қашып жүр.
Біз әскерімізді дамыту үшін әскерден қашып жүргендердің санын азайтуымыз керек. «Қазір ел қорғаймын, жер қорғаймын» деп жүрген азаматтарды көп кездестірмейсің. Себебі патриоттық сезім жоқ. Сондықтан қарулы күштерді күшейту үшін қашып жүргендердің санын азайтуымыз керек. Олар Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті, – дейді Ауғанстандағы соғыс және басқа да жергілікті әскери қақтығыстар ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Абдушкуров.
Өзбек балалары әскерге баруға неге құмар? Себеп-салдарын талдап көрдік. Қарулы күштер қатарындағы қызмет бозбалаларға армияда қалып, әскери қызметін контракт негізінде жалғастыруға мүмкіндік береді. Ал қызметке орналасқан бетте тұрғын үймен және қомақты еңбекақымен қамтамасыз етіледі. Келісімшарт бойынша қызмет ететін сержанттың айлық еңбекақысы 1,5 млн сом ($500). Бұл Қазақстандағы сержанттардың жалақысымен салыстырғанда 100 мың теңгеге артық. Үй-жаймен қамту туралы тақырыпты жылы жауып қоялық.
Өзбекстандағы әскерге деген құштарлықтың тағы бір себебі – «армиядағы қызмет – өмірге жолдама» деп аталады. Әскери борышын өтеген азамат күштік құрылымда қызмет етуден бас тартқан жағдайда да, өзге мүмкіндерге оңай қол жеткізе алады. Мысалы, кез келген жоғары оқу орындарына түсу кезінде қабылдау тестілеуде көрсеткен нәтижесіне 27 пайыз көлеміндегі қосымша балл қосатын жеңілдік қарастырылған. Міне, осындай жеңілдіктердің нәтижесінде Өзбекстанда әскерден қашу әрекеті мүлдем жоқ.
Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі әскери қызметкерлердің саны 77 мың адамды құрайды. Өзбекстанда – 65 мың адам. Сан жағынан біз басым, сапа жағын көршіміз көтеріп тұр. Мұның себебін АҚШ пен Қытайдың мысалымен түсіндіреміз. АҚШ-тағы әскери қызметкерлер саны 1 млн 832 мың адамды құраса, Қытайда – 3 миллионнан асып жығылады. Әскер санының аздығына қарамастан, АҚШ әлем бойынша көш бастап тұр. Оның басты себебі – әскери дайындықтың мықтылығында. Ал Қазақстанда әскери борышын өтеуге кеткендер әскери дайындықтарын «қар күреп, дала сыпырумен» өткізіп жүр. Осыдан кейін, әрине, «санымыз көп, сапамыз жоқтың» күйін кешеміз.
Қазіргі таңда әскери бөлімшеде сержантпын. 3 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын. Әскерден кейін келісімшартпен жұмыс істеп қалдым. «Әскери қызметкер» деген аты болмаса, күзетшінің жұмысын атқарып жүрміз. Әскерге өз еркіммен барғанмын. «Әскери дайындықтарды, әдіс-тәсілдерді үйренемін» деген қызығушылығым болған. Алайда 2 жылымыз картоп ашып, еден жуып, қар тазалаумен өтті. Қазіргі уақытта да сол істің айналысынан аса алмадық, – дейді қатардағы сержант Ислам Баймұратов (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді).
Қару-жарақ – жарамсыз, қарулы күш – алаңсыз. Қазақстанның қазіргі жағдайы – осы. Қарулы күштің айбатын арттырмасақ, Ресейге сеніп, «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайынның» күнін кешіп қаларымыз анық.