Қарабет қаржы қайта ма?!
Өткен аптада Алматыда «Елге қайтару» қоғамдық қорының баспасөз жиыны өтті. Жиынды қордың директоры Оразәлі Ержанов пен Ескендір Бейсембетов жүргізді.
БАҚ өкілдері қатысқан отырыста «Елге қайтару» қоғамдық қоры өкілдері қордың мақсаты туралы баяндады. Сонымен бірге, Қазақстан президентіне, үкімет басшысына арнаған хаттарымен таныстырды. Жиында көтерілген ең басты мәселе – әйгілі үштік саналатын Машкевич, Шодиев, Ибрагимов иелігіндегі Еуроазиялық ресурстық топтың қызметіне қатысты мәселелерді көтерді. Айтпақшы, аталған азаматтардың үшеуі де Қазақстан азаматтары емес екенін ескерте кетейік.
Қазақстан азаматы болмаса да, олар ондаған мың қазақстандықтар жұмыс істейтін үлкен кен орындарын, энергетика, металлургия саласындағы ірі кәсіпорындарды су тегін иемденіп, көлкөсір пайдаға кенеліп отыр. «Елге қайтару» қорының өкілдері журналистерге осындай деректер берді.
ЕRG ондаған жылдар бойы салықтан босатылған, тарифтер бойынша жеңілдіктерге ие болып отырған, Қазақстан үкіметінің кепілдігімен қомақты несиелер алған. Бір сөзбен айтқанда, барлық жылы жұмсақты пайдаланып келген. Соншама игілікке кенеліп отырса да, әлгі атышулы үштік құрған жүйе белшесінен қарызға батқан. Қалай? Оразалы Ержановтың айтуынша, оның себебі өте қарапайым көрінеді. Яғни, компания иелері Қазақстандағы кәсіпорындардың бар табысын шетелге шығарып, есесіне, бар қарызды Қазақстанға іліп отырған. Қазақ ондайларды «Ас ішіп, аяғына түкірді», дейді.
Люксембургте тіркелген ERG компаниясының 40 пайыз үлесіне Қазақстан үкіметі иелік етеді. Ал оның директорлар Кеңесіне Қазақстанның сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мүше екен. Яғни, Қазақстанның экономикасына жауапты лауазымды тұлғалар мұның бәріне көз жұмып қарағаны былай тұрсын, қазақтың жер қойнауы байлығының арқасында, жалғанды жалпағынан басып жүргендердің тойында «свадебный генерал» болып жүрген.
Elge Qaitaru қорының өкілдері аталмыш компанияның мәселесін майшаммен қарап, кезінде күмәнді жолмен иемденіп кеткен қазақстандық активтерді мемлекет иелігіне қайтаруды ұсынды.
Жиында шетке кеткен Қазақстан ақшасы туралы әртүрлі деректер айтылды. Біз негізгі дегендеріне ғана тоқталдық. Ең бастысы, қор мүшелерінің айтуынша, тістегеннің тісінде, ұстағанның уысында кеткен Қазақстанның миллиардтары елге қайтуы керек! Сыртқа шыққан қаржы елге оралмай, Қазақстан бюджетіне құйылмай, елде Жаңа Қазақстан орнауы қиын. Қор мүшелері ақшаның артында саясат тұратынын, ал саясат Қазақстан жүйесіне әлі де қызмет етіп отырғанын жеткізді.
Журналистер баспасөз отырысын өткізген қор қызметкерлеріне сұрақтар қойды. Біз, өз кезегімізде, Elge Qaitaru қорының құрылтайшысы Болат Әбіловке қатысты сұрақ қойдық. Сұрақты Әбіловтың өзі болмаса да, әріптестеріне қарата айттық.
Өткен аптада ғана әлеуметтік желіде Болат Әбіловке қатысты ақпарат тараған болатын. Әлгі ақпаратта қарағандылық кәсіпкер Әбіловке берген 208 млн теңге ақшасын қайтара алмай жүргені туралы, сотта Болаттың жеңілгені айтылады. Біз соны сұрадық.
«Елге қайтару» қорын құрып, шеттен миллиардтарды қайтарған жақсы. Бірақ алдымен, Әбілов қайтаруға тиісті қаржыны неге созып жүрсіз?» — деп төтесінен қойдық. Баспасөз отырысын өткізіп отырған Оразәлі Ержанов: «Сіз айтқан ақпаратты мен де телеграмм каналдардан көрдім. Болат Әбілов – «Елге қайтару» қоры құрылтайшыларының бірі. Алайда сіз сұраған сұрақтың қорға еш қатысы жоқ. Ол Әбіловтың жеке шаруасы. Сондықтан оған біз жауап бере алмаймыз. Болат Әбіловке қойылатын сұрақ, бұл», – деді.
Жиын соңында қор қызметкерлері шетелге кеткен Қазақстан ақшасы елге қайтқанынша, жұмыс тоқтамайтынын ескертті.