Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары қамауға алынды
17 қаңтар күні жылы орнын босатқан Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ орынбасары 26 ақпан күні қамауға алынды.
Бұл туралы бүгін Астанада журналистермен жүздескен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаменті басшысы Арман БЕРДАЛИН хабарлады.«Ол облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының лауазымды тұлғаларымен алдын ала сөз байласу арқылы бюджеттің 36 миллионнан астам теңгесін жымқыру күдігіне ілініп отыр. Бұл қаражат облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қозғалыс құралдарымен қамтамасыз етуге бөлінген. Атап айтқанда, тұғырлар мен мүгедектерге арналған кресло-арбалар қымбат баға бойынша алынған және техникалық спецификация талаптарына сәйкес келмеген». Спикер күдікке іліккен бұрынғы басшының атын атап, түсін түстемеді.Алайда, Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі бұл бұрынғы басшының – Жандос Әбішев екенін растады.«Мамандандырылған тергеу сотымен Ж.А.Әбішевке екі айға қамауға алу санкциясы берілді», — деп Гүлбаршын Житикова мәлім етті.Жандос Әбішев 2003-2005 жылдар аралығында Қарағанды облысы соттар әкімшісінің қаржы мәселесі жөніндегі орынбасры болып қызмет атқарған екен. Кейін Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы да болған. 2014 жылы желтоқсан айында Қарағанды облысы әкімінің орынбасры болып тағайындалған. Үш жоғарғы білімі бар Әбішевтің алғашқы мамандығы дене шынықтыру мұғалімі болған.Фото: inform.kz