Қарағанды облысында оқушыны қағып кеткен жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған
17 қазан күні кешке Қарағанды облысындағы Петровка ауылында жол апатынан 14 жастағы қыз қаза тапты.
Үйіне қайтып бара жатқан оқушы жолдан өтіп бара жатқанда, оны көлік қағып кеткен. Қыз оқиға орнында көз жұмды.
Куәгердің айтуынша, жүргізуші оқушыны қаққаннан кейін тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған. Ер адам көлікті қуып жетіп, мемлекеттік нөмірін жазып алып, полицияға хабарлаған. Кейін көлік иесі оқиға орнына қайта оралған.
Әйел қашып кетуді мақсат етпегенін айтады. Оның сөзінше, көлікте үш жастағы немересі болған. Жол апатынан кейін бала қатты жылап, өзін ұстай алмай қалғандықтан, ол үйіне барып, шамамен жарты сағаттан соң қайта келген. Жүргізуші көлікті сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүргізгенін және қыздың жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін мәлімдеген.
Полиция адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы орнынан кету фактілері бойынша қылмыстық істер қозғады. Көлік айыптұраққа қойылды.
Қазір бірқатар сараптама тағайындалған. Мамандар көліктің нақты жылдамдығын және жүргізушінің соқтығысудың алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағанын анықтайды. Тергеу шешімі сараптама нәтижелері шыққаннан кейін қабылданады.
Қаза тапқан қыздың туыстары жүргізушіні заң алдында жауапқа тартуды талап етіп отыр.