Аймақ

Қарағанды облысында 186 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Қарағанды облысында 2032 жылға дейін жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Фото Қарағанды облысы әкімдігі

Соның нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндалды.

Фото Қарағанды облысы әкімдігі/1

Есепті кезеңде облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,9 пайызға өсіп, 4,2 трлн теңгеге жетті. Өсімнің ең жоғары қарқыны машина жасау саласында байқалды – 26,2 пайыз. Ал өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегінің бірі – металлургия саласы.

Президент өңірдің экономикалық даму көрсеткіштеріне оң баға берді.

Фото Қарағанды облысы әкімдігі/Тоқаев

– Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, аймақтағы шикізаттық емес өнім экспорты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік, – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірде жергілікті шикізатты өңдеуге негізделген өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Мәселен, Qarmet өндірген болаттан QazTehna автобустарының шанақ бөлшектері жасалады. Сондай-ақ "ТЭМПО" зауытында құбыр өндіріледі. Silumin of Qazaqstan кәсіпорны негізінде алюминий кластері қалыптасып жатса, Karaganda Insulation жылу оқшаулағыш материалдар шығарумен айналысады.

Агроөнеркәсіп кешенінде биыл 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Суармалы жерлердің көлемі артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мен сақтаудың заманауи технологиялары енгізіліп жатыр. Осакаров ауданында заманауи сүт-тауар фермасының іске қосылуы келесі жылдан бастап облыстың сүтке деген ішкі қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.

Соңғы үш жылда облыста 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2,5 мыңға жуық пәтер табысталды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Ауылдық жерлерде 92 медициналық нысан ашылды. Телемедицина қызметі 117 медициналық ұйымда енгізіліп, ауыл халқын түгел қамтып отыр. Сонымен қатар жедел жәрдем автопаркіне 113 жаңа көлік қосылды.

Білім беру саласында 13 мектептің құрылысы аяқталды. Оның оны "Келешек мектептері" жобасы аясында салынған. Бұдан бөлек, 29 білім беру ұйымы жаңғыртудан өтті. Қазір тағы үш мектеп пен бес балабақшаның, Шығармашылықты дамыту орталығы және оңалту орталығының құрылысы басталды.

Фото Қарағанды облысы әкімдігі/1

Өңірде спорт инфрақұрылымын кеңейтуге де көңіл бөлініп отыр. Қарағанды қаласында негізгі серіктес Freedom компаниясының қатысуымен 3,5 мың орындық футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сәйкес келетін, 15 мың көрерменге арналған стадион салу жоспарланған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына арналған нысандар бой көтереді. Мәдениет саласында конгресс-холл салу және алты нысанды жаңғырту көзделген.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары аясында 570 шақырым инженерлік желі жөндеумен қамтылған. Елді мекендерді газдандыру да кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. 2027 жылға қарай 58 мыңнан астам тұрғынды табиғи газға қосу жоспарланған.

"Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында Қарағандыда серуендеуге және велосипед тебуге арналған жолдары бар екі экопарк салынып жатыр. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және дамыту жұмыстарына Урбанистика орталығы да атсалысуда.

Жыл қорытындысы бойынша Қарағанды облысы экономикасының өсімі 4 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. 

Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – өнеркәсіп өндірісін өрістетіп, инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру.

 

Сайт Әкімшілігі