Без Категории

Қарағанды облысында ірі қараға тараған індеттің себебі анықталып жатыр

Қарағанды облысының Абай мен Шет аудандарында мамандар малдың жаппай індетке шалдыққаны туралы БАҚ пен тұрғындар арасында тараған хабарды тексеріп жатыр.

Jasalash.kz

Ақпаратқа қарағанда, жануарлардың денесін жара мен бөртпе басып, қызуы көтеріліп жатыр. Тұрғындардың хабарлауынша, бір ауданда — індет екпе салынбаған бірнеше ірі қараны, екінші бір ауданда дәріленген малды да жалмаған.

— Ауылымызға бүгін мамандар келіп, суретке түсірді. «Емдеу керек» деді. Өзім қазір Қарағандыдамын, ауылда ұлым жүр. Бір танам өлді, екіншісінің халі нашар. Қызуы көтеріліп жатыр. Басқа бір сиырымның денесі бөртіп жүр. Дерматитке ұқсайды дейді. Бұрын мұндай болған емес. Неге екенін, сиырларыма көктемде екпе салмады. Бірнеше үйдің малы ғана дәріленді. Не боларын білмеймін. Тарап кете ме қауіптеніп жатырмыз, — дейді Абай ауданы Юбилейное ауылының тұрғыны Елена Бунтовская.

Қарағанды облысының ветениралық инспекциясы Азаттыққа ауыл тұрғындары арасында сауалнама жүріп жатқанын хабарлады. Ведомство індетке қатысты нақты бір тұжырым жасамады. Бірақ «нодулярлы дерматит деп топшылап отырғандарын» айтты.

— Абай ауданын аралап, қалай емдегендерін, бұл малға бұрын неге екпе салынбағанын анықтап жүрміз. Дерматитке ұқсайды. Бұған мал иелерінің өзі кінәлі болуы мүмкін, өз беттерінше емдеген екен. Ал Шет ауданындағы мал дәріленген. Жануардың ағзасында бір реакция болған сияқты. Реакция болатыны ескертіліп еді. Ыстықтың не судың әсері болуы да мүмкін. Екі сиырдың өлгенін анықтадық, — Қарағанды облыстық ветеринарлық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаров.

Мұхтаров айтқан өлген екі сиырдан басқа қанша малдың ауруға шалдыққанын мамандар айтқан жоқ. Тұрғындардың сөзінше, әлі анықталмаған індетті шамамен 20 сиыр жұқтырған болуы мүмкін.

Нодулярлы дерматит – ірі қара арасында тарайтын жұқпалы ауру. Малды дер кезінде емдемесе, жануар өліп кетуі мүмкін. Дертке шалдыққан ірі қананың қызуы көтеріліп, денесі бөртіп кетеді. Кейбір мамандардың жазуынша, Қазақстанда нодулярлы дерматит алғаш рет 2016 жылы Батыс Қазақстан аумағында тіркелген.

Telegram бізге жазылыңыз

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега