Қоғам

Қарағанды облысында заңсыз кен өндірген компания басшысы күдікке ілінді

Қарағанды облысында темір мен марганец кенін заңсыз өндірген кәсіпорындардың басшысына қатысты тергеу жүріп жатыр.

Фото: ҚМА

Заңсыз қазба жұмыстары Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында жүргізілген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті мәліметінше, кенді заңсыз өндіруді "Vertex Co." және "MiningMetall" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директоры ұйымдастырған деген күдік бар.

Кен өндіру жұмыстары жер қойнауын пайдалануға қажетті құқық пен рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Оған жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғылар және самосвалдар тартылған. Қазып алынған кен ұсатылып, кейін сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

Тексеру кезінде жердің үстіңгі қабаты кең көлемде аршылып, кен өндірілген үш карьер анықталды. Қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

Мамандар бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіруге 485 миллион теңге қажет екенін есептеген.

Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге деректері жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі