Аймақ

Қарағанды облысының металлургтері Президент Жолдауындағы басымдықтарды талқылады

Қарағанды облысының металлургтері Президент Жолдауындағы басымдықтарды талқылады

Фото Қарағанды облысы

Теміртауда Құрылтай депутаттары Үнзила Шапақ пен Вадим Басин, мемлекеттік органдардың, Қазақстан Халық Кеңесінің және Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің өкілдері металлургтермен кездесті. 

Сапар барысында делегация Qarmet АҚ өндіріс орындарын аралап, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Бұдан кейін өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттер мен басым бағыттар сөз болды. Атап айтқанда, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетика мен инфрақұрылымды дамыту, отандық өндірістің әлеуетін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Жүздесу барысында өндіріс орындарын технологиялық тұрғыдан жаңарту және Мемлекет басшысы жариялаған "Халықтық құрылыс" бағдарламасының маңызы да кеңінен сөз болды. Еліміздің барлық өңірін қамтитын бұл бастама құрылыс саласын жандандырып қана қоймай, отандық өнеркәсіптің дамуына да тың серпін беруге бағытталған.

Фото Қарағанды облысы/Вадим Басин

Металлургия саласында мол тәжірибесі бар Құрылтай депутаты Вадим Басин өнеркәсіпті дамытуға қатысты міндеттердің орындалуы өндірісті жаңғырту мен білікті мамандар даярлауға тікелей байланысты екенін атап өтті.

– Бүгінде өнеркәсіп заман талабына сай жаңарып, озық технологияларды игеріп, өндіріс тиімділігін арттыруы қажет. Металлургия кәсіпорындары үшін бұл – бәсекеге қабілеттілікті нығайтудың және отандық өндірістің болашағын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Өндірістік қуаттарды жаңартумен қатар, заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатын, жаңа технологияларды жетік меңгерген білікті мамандар даярлауға да баса мән беру керек, – деді Вадим Басин.

Кездесу соңында Жолдауда айқындалған басымдықтарды өндіріс орындарында жүзеге асыру жолдары, сондай-ақ металлургия саласының әлеуетін арттыру үшін алда атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде пікір алмасты.

Сайт Әкімшілігі