Әлеумет

Қарағандыда екі жүзге жуық отбасы әлеуметтік көмекті заңсыз алған

Қарағанды облысында биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмекті алған отбасылардың саны 2018 жылмен салыстырғанда, төрт есеге көбейіп кеткен.

Jasalash.kz
Жәрдемақыны төлеу үшін бюджет шығыны  алты есеге өсіпті. Соңғы үш айда атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін екі миллиардтан астам қаражат жұмсалған. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ өткен аптада қарамағындағыларға арнайы жұмыс тобын құрып, мемлекеттен көмек алып отырғандарды қайта тексеруді тапсырыпты. Жұмыс тобы тексерудің нәтижесінде облыста 199 отбасының атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып отырғанын анықтаған. Мемлекеттен көмек сұраған бұл отбасылар шын мәнісіндегі табыс көлемін жасырып қалған.«Инвентаризация  кезінде  анықталғандай, көбінесе  өтініш беретін тұрғындар  сәйкестендіру нөмірін немесе төлем кодын қате беріп жатады. Осының салдарынан аударылған қаражат кері қайтады немесе бір адамға төлем қайтадан кетіп қалып отырады.Отбасылардың табыстарын жасыруға қатысты шараларды анықтау үй-үйді аралап тексеру арқылы анықталып жатыр», — деп мәлімдеді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Әсем ЖҮНІСБЕКОВА.Облыс әкімшілігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Ерлан Қошанов қадағалау жасамай, әлеуметтік көмекті негізсіз тағайындаған шенеуніктерді сынға алды. Әкім бұл қаражатты жұрттан тартып алу емес, ақшаны шынымен оған зәру жандарға бөлуіміз қажет деп атап өтті. Дегенмен бұл жерде атаулы әлеуметтік көмекті алғашқыда тағайындағанда мемлекеттік қызметкерлердің  олқылыққа орын бергені көзге ұрып тұр.«Атаулы көмек дегенді арнайы мекен жаймен белгілі бір отбасын зерттеп қана бермейтін ба еді. Бұл атаулы әлеуметтік көмекті таратуда бақылау деген болмаған. Мен түсінем бұл көмекті таратудың мерзімі қысқа болды. Бірақ қадағалау неге жоқ. Бір ауданда 35 отбасыға заңсыз берілген деген не сұмдық. Кез келген алаяқтық немесе сыбайлас жемқорлық фактісі үшін қатаң түрде жаза алатын боласыңдар. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлер оның ішінде аудан қала әкімдеріне жауапкершілік  жүктеледі», — деді облыс әкімі Ерлан Қошанов ашуға мінді.

Құрылған жұмыс тобы жәрдемақы алып отырған отбасының 70 пайызын қайта тексерген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 45 пайызы Қарағанды мен Теміртау қаласында екен.Оларды жұмыс тобы осы аптаның аяғында қайта тексеруді аяқтайды.Ерлан Қошанов әлеуметтік жәрдемақының дұрысты берілуін қала, аудан әкімдерінің тікелей қадағалап отыруына тапсырма берді.

Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега