Қарағандыда төрт көлік соқтығысып, екі жүргізуші ауруханаға жеткізілді
Қарағанды қаласындағы Бұқар жырау даңғылында төрт автокөлік қатысқан жол апаты болды.
Салдарынан Lada Priora және Chery көліктерінің жүргізушілері медициналық мекемеге жеткізілген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 21 қарашада сағат 16:04 шамасында болған. Апатқа Lada Priora, Chery, Kia Optima және Chevrolet Aveo маркалы көліктер қатысқан.
Алайда бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаға бес автомобильдің қатысқанын жазды. Жарияланған бейнетіркегіш жазбасынан күміс түсті Lada Priora көлігінің кенеттен басқа жолаққа ауысып, қызыл түсті Chery Tiggo 4 көлігіне соғылғанын көруге болады. Бұдан кейін ол қозғалысын жалғастырып, тағы бірнеше машинаны жанап өткен.
Оқиға полицияда тіркелді. Қазір жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.