Қарағандыда вокзалды басып алған халық қауіпсіздікті ұмытты (видео)
Қарағандыда әскерден келген сарбаздарды тосқан халық вокзал аумағын басып қалды.
Әскерден карантиннің салдарынан кешігіп келген сарбаздарды теміржол вокзалында көп халық тосып алған. Бір біріне иін тіресіп, ұзыннан ұзақ созылып тұрған қарақұрым халықты түсірген видео әлеуметтік желіге тарап кетіп үлкен шу туғызды. Әлеуметтік желіде жұрт «короновирус кезінде ара қашықтық неге сақталмаған, қауіпсіздік қайда» деген тәрізді әртүрлі пікір білдірген.
Бұл бейнежазба 20 мамырда түнде Қарағанды қаласындағы теміржол аумағында түсірілген. Сол күні Шу қаласынан шыққан арнайы пойыз Қарағандыға келіп тоқтаған. Жолаушы пойыздарында тек сарбаздар ғана болған.
Теміржол вокзалы аумағында халықтың көп жиналуына қатысты Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, теміржол аумағында санитарлық талаптардың бүзылуы орын алған.«Облыстың бас санитар дәрігерінің 11.05.2020 жылғы 20 қаулысына сәйкес тұрғындарға жүріп тұру уақыты сағат 05.00 ден бастап 22.00 дейін деп бекітілген. Сонымен қатар адамдар арасында 2 метр ара қашықтықтықты сақтау, маска кию қажет еді. Теміржол аумағында осы аталған талаптар бұзылған », — деп мәлімдеді Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.Негізінен сол күні теміржол вокзалы ғимараты жабық тұрған. Жұрт пойызға ғимараттың сыртымен айналып өтіп барған. Әзірге теміржол басшыларына санитарлық талаптың бұзылуына қатысты қандай шара қолданылатыны белгісіз.
Арайлым ЕРКЕБАЕВА,
Қарағанды