Әлеумет

Қарағандыда жеңіс саябағы маңындағы жер сатылып кеткен

Қарағанды қаласында тамырына балта шабылып жатқан ағаштарға тұрғындар ара түсті.

Jasalash.kz

  Қаланың орталығындағы Жеңіс саябағының жанында тұрғындар арнайы техника жеткізіп, ағаштарды қиып жатқанын аңғарған. Жұрттың айтуынша бастапқыда түнгі уақыттарда ағаштарды қию басталған.  Ағаш қиылып жатқан жер бұрын Жеңіс саябағының аумағында болған, кейін неге екені белгісіз бұл жерді саябақ аумағынан шығарып тастаған. Осыдан кейін билік бұл жерді жеке меншікке оп оңай сата салған. Тұрғындар бұл аумақты саябақтың  бөлігі деп есептейді.  Бұл алаңда жасыл желек  көп әрі бұл жерге " мәңгілік алау " ескерткіші жақын орналасқан. Бір қызығы   ағашы қиылып жатқан жер бөлігі осыдан 15 жыл бұрын сатылып кеткен. Алайда коммуналдық қызмет бірнеше жыл бойы жеке меншікке өтіп кеткен жердің қарын күреп жүрген.

" Бастапқыда түнгі уақыттарда техника әкеліп, ағаштарды кесе бастады. Біз бұл жерге балаларымызбен келіп қыдырамыз, мұндай қыдыратын орындар қалада онсыз да аз. Енді осындай жердің ағашын қиып жатыр. Басқа құрылыс салатын орын қалмаған ба? ",- дейді қала тұрғыны Юлия Алексеева.

Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі болса, бұл жердің жеке меншікке сатылып кеткенін, әрі бұл аумақтың саябаққа жатпайтынын мәлімдеп отыр. 2018 жылдың 1 шілдесінде  қала құрылысы кеңесі мұнда тұрғызылатын ғимарат  жобасын мақұлдап жіберген. Енді бұл аумаққа 4 қабатты тұрғын үй салынады. Тұрғындардың шағымынан кейін қалалық қоғамдық кеңес өкілдері,  ағаш қиылып жатқан аумаққа барып тұрғындармен кездесті. Бұл жиынға құрылыс салушының өзі келмеген, тек оның өкілі ғана болды. " Бұл қала тұрғындарының қыдырып жүретін, ағаштардың арасында таза ауамен тыныстауға мүмкіндігі болатын аз орынның бірі. Енді сол мүмкіндіктен айрылғалы отырмыз. Ағаштарға балта шабуды тоқтатсын деп талап етеміз ",- дейді қала тұрғыны Галина Пак.

 Әкімшіліктен келген шенеуніктер әдеттегідей жұртты сабырға шақырды. Алайда тұрғындар "әліптің артын бағып " тыныш отыратын жағдайдың өтіп кеткенін айтып, наразы болуда. Дегенмен биліктегі атқа мінерлер келесі аптада бұл мәселені тағы қарастырамыз деп құтылды. 

" Келесі аптаның сейсенбісінде қалалық әкімшілікте осы мәселені тағы талқылайтын болып келістік.  Бұл уақытқа дейін ағаштарды кесу жұмыстары уақытша тоқтатыла тұрады ",- деп мәлімдеді Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Түсіпов.Қарағанды қаласының тұрғындарынан құралған белсенді топ өкілдері  жеңіс саябағын қорғау мақсатында әлеуметтік желіге хабарлама таратып, қарағандылықтарды ағаштарды қиюға жол бермеуге шақырып жатыр.

Ал Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек халықтың наразылығынан кейін жағдайды тікелей бақылауына алған тәрізді. 9 ақпан күні облыс әкімі  Жеңіс саябағы жанындағы орынға салынғалы жатқан құрылыс нысаны Оңтүстік Шығыс ауданына ауыстырылатынын мәлімдеді. Дегенмен әкім қаралар қимылдап үлгергенше,  саябақтың шамамен он бес ағашын жеке кәсіпкер тып — типыл еткен.

Айта кету керек, Қарағандыда биліктің саябақтағы орынды құрылыс үшін сатып жіберуі алғаш рет болып отырған жоқ. Былтырғы жылы Қарағандының орталық саябағындағы жерді билік теннис кортын салуға бермек болған. Бұл кездеде тұрғындар саябақтағы ағаштардың қиылып жатқанын көріп, қарсы шыққан. Ақыр соңында сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошанов " теннис корты саябақта салынбайды" деген ұйғарымға келген.

Арайлым Еркебаева, 

Қарағанды

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега