Әлеумет

Қарыз беріп, баспанасыз қалдырған: Алматыда әйел 6,5 жылға сотталды

Алматыда заңсыз қарыз беріп, азаматтардың жылжымайтын мүлкі мен көліктерін иемденді деп айыпталған Рита Өтеуова 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Фото Рита Өтеуова Facebook парақшасы / ЖИ арқылы өңделді

Бірнеше жылға созылған қылмыстық іс енді кассациялық сотта қаралмақ. Бұл туралы Михаил Козачковтың Telegram арнасы жазды.

Журналистің мәліметінше, 47 жастағы Рита Өтеуова «Евро Ломбард» мекемесінің директоры болып жұмыс істеген. Ол қаржыға мұқтаж азаматтарға қарыз беріп, кепілге олардың баспанасы мен басқа да мүлкін алған. Алайда келісімшарттарда берілген ақшадан әлдеқайда жоғары сома көрсетілген.

Мәселен, жәбірленушілердің бірі 4 миллион теңге қарыз алмақ болған. Бірақ Өтеуова оны құны 50 миллион теңге болатын үйін кепілге қоюға көндірген. Кейін ипотекалық қарызын жауып беріп, баспананы сатып алу-сату шартын рәсімдеген. Ақырында сот арқылы әйелді өз үйінен шығарған. Бұл эпизод бойынша келтірілген шығын 27 миллион теңгеден асқан.

Тағы бір әйел баласына операция жасату үшін 7 миллион теңге қарыз алған. Алайда келісімшартта қарыз сомасы 14 миллион теңге деп көрсетілген. Ақшаны уақытында қайтара алмағандықтан, оның пәтері сатылып, түскен қаржының басым бөлігін Өтеуова иемденген.

Тергеу материалдарында осындай 15 эпизод тіркелген. Қылмыстық іс алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және өз бетінше билік ету деректері бойынша қозғалған.

2024 жылы Алматының Алмалы аудандық соты Өтеуованы ақтап шыққан. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған. Алайда Бас прокурордың наразылығынан кейін Жоғарғы сот ақтау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген.

Қайта қарау нәтижесінде Өтеуова мен оның сыбайластары алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Негізгі айыпталушы 6 жыл 6 айға, ал оның сыбайластары одан бір жылдан бір жарым жылға дейін қысқа мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Журналистің жазуынша, тергеу барысында Өтеуованың атына тіркелген еліміздің әр өңіріндегі ондаған жер телімі, жылжымайтын мүлік нысандары және төрт автокөлік анықталған.

Енді істі кассациялық сот қарайды. Сондай-ақ анықталған мүліктің жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жеткілікті-жеткіліксіз екені де маңызды мәселе болып отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қылмыс