Қаржы министрлігі МӘМС жүйесіндегі заңсыз төлемдердің жолын кесті
Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаржы айналымына жүргізілген тоғыз айлық бақылау нәтижесінде 234 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды.
Ведомство мәліметінше, тексерулер барысында қаржының заңсыз шығарылу арналары анықталып, олардың жолы кесілген. Сонымен қатар қылмыстық істер аясында медициналық қызмет көрсетушілерге заңсыз аударылған 79 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, сақталып қалған және қайтарылған қаражат медициналық көмек ақысын төлеуге бағытталған. Қаржының негізсіз аударылуын дер кезінде анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесі де қолданылады.
Қазір 68 медициналық ұйымның кредиторлық берешегі мерзімінен асып кеткен. Олардың әрқайсысына қаржылық жағдайын жақсартуға арналған жеке жоспар әзірленген.
Жыл соңына дейін мерзімі өткен берешектің жалпы көлемін 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін қысқарту жоспарланып отыр.