Қаржыны игермеген шенеуніктер жазаланады
Биылғы жылдың 10 айында мемлекеттік бюджеттің шығыны 7 778 млрд теңгені құрады. 100 млрд теңге орындалмай қалды.
Оның 13-і үнемделген ақша, 87 млрд-ы игерілмей қалған қаржы.Игерілмей қалған қаржының көп бөлігі қорғаныс министрлігінің еншісінде.Қорғаныс министрлігінде – 32 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігі – 9 млрд. теңге, ҰҚК – 8, ақпарат және коммуникация министрлігі – 6 млрд, ІІМ – 5 млрд, әділет министрлігінде – 5 млрд теңге игерілмеген. Бұл қаржылар әдеттегідей, конкурс процедуралары мен келісім-шарттардың ұзақ уақытқа созылуынан, өндірістік жұмыстың өз кестесінен кейін қалуы салдарынан игерілмеді.Енді жылдың аяқталуына бір жарым ай ғана қалды. Сондықтан қаржы министрі Смайылов үкімет жетекшісі Бақытжан САҒЫНТАЕВҚА қаржы игере алмай қалған министрліктерді жазаға тартуды ұсынды.Бақытжан Сағынтаев қаржы министрінің ұсынысын қабылдап, 1-желтоқсанға дейін жазаға тартуға байланысты құжаттарды дайындауды және игерілмеген қаржыларды кері қайтарып алуды тапсырды. Ал, неғұрлым көп игерілмеу келесі өңірлерде қалыптасты: Астана қаласы – 9 млрд. теңге,Қызылорда, Түркістан облыстары және Алматы қаласы – 2 млрд. теңгеден,Маңғыстау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары — 1 млрд. теңгеден.Ақша игере алмаған өңірлердің әкімдері ақталуға тырысты. Тіпті, Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК «Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері дұрыс емес. Қасымда статистика басқармасының басшысы отыр. Оның көрсеткіштері басқа...» деген уәж айтты.Бұған үкімет жетекшісі: — Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ де қолында сіздің қасыңызда отырған статистика басқармасы бастығының бастығы берген мәліметтер… Шын мәніне келгенде дұрыс жауаптарыңыз жоқ. Бәрі статистика мәліметі дұрыс емес дегенге алып келіп отыр… Ал, халықтың табысы төмен. Не себеп? Соған сараптама керек. Енді 11 айдың қорытындысы бойынша барлықтарыңыз осы сұраққа жауап беруге дайын болыңыздар, — деп, жиынды қорытты. Фото: sputniknews.kz