Әлеумет

Қашаған дауы: Қазақстанның 12 млрд долларлық талабын халықаралық сот қабылдамады

Халықаралық арбитраж соты Қазақстанның Қашаған мұнай кен орнына қатысты 12 миллиард доллар көлеміндегі талабын қанағаттандырмады.

Фото: из открытых источников

Бұған Қазақстан үкіметінің талап арызды кеш беруі себеп болған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстан Қашаған кен орнын игеруге жұмсалған даулы шығындарға байланысты халықаралық мұнай компанияларынан шамамен 20 миллиард доллар өндіріп алуға тырысқан.

Алайда арбитраж 2011-2015 жылдар аралығындағы шығындарға қатысты талап арыз белгіленген мерзімнен кеш берілген деген қорытындыға келген. Соның нәтижесінде 12 миллиард доллар көлеміндегі талап қабылданбады.

Сонымен қатар сот қалған 8 миллиард долларға қатысты талаптарды қарауға мүмкіндік берген. Демек, Қазақстан мен Қашаған кен орнын игеруші халықаралық компаниялар арасындағы сот дауы әлі аяқталған жоқ.

150 миллиард долларлық дау

Қашағанға қатысты сот процесі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстан үкіметі халықаралық мұнай компанияларынан жалпы сомасы 150 миллиард доллардан асатын өтемақы талап етіп отыр.

Бұл талаптардың негізгі бөлігі кен орнын игеру жұмыстарының кешігуінен туындаған болжамды қаржылық шығындарға байланысты. Сонымен қатар экологиялық заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық белгілері болуы мүмкін келісімшарттарға қатысты да талаптар бар.

Қазақстан тарапы Қашаған жобасы аясында жасалған бірқатар келісімшарттардың құны негізсіз өсірілген деп есептейді. Ал кен орнын игеруші консорциум өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Қашаған жобасына ExxonMobil, Eni, Shell, TotalEnergies, «ҚазМұнайГаз», Қытайдың CNPC және Жапонияның Inpex компаниялары қатысады.

Энергетика министрлігі не дейді?

Қазақстанның Энергетика министрлігі арбитраж шешіміне қатысты нақты түсініктеме бермеді.

Ведомствоның Sputnik Қазақстанға берген жауабында сот материалдары құпия екені айтылған. Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, өнімді бөлу туралы келісім мен арбитраждық келісімге сәйкес, іс материалдарын жариялауға шектеу қойылған.

Сондықтан құзыретті орган тиісті шектеулерді алып тастамайынша, министрлік сот процесінің мән-жайын ашып айта алмайды.

Қашағандағы мәселе неден басталды?

Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай кен орындарының бірі.

Кен орнында мұнай өндіру 2013 жылдың қыркүйегінде басталған. Алайда құбырдағы ақауларға байланысты жұмыс көп ұзамай тоқтатылып, тек 2016 жылы қайта жанданды.

Жобаны іске асыру бастапқы жоспардан бірнеше жылға кешікті. Оған жұмсалған қаржы да жоспарланған бюджеттен айтарлықтай асып кеткен.

Bloomberg мәліметінше, халықаралық компаниялар Қашағанды игеруге шамамен 55 миллиард доллар инвестиция салған.

Қазір халықаралық арбитраждағы дау жалғасып жатыр. Ал 12 миллиард долларлық талаптың мерзімі өткізіліп алынғаны Қазақстанның қаржылық мүддесін қорғауға жауапты органдардың әрекетіне қатысты сұрақ туғызады.

Әзірге талап арыздың неліктен кеш берілгені және бұған кім жауапты екені жөнінде ресми түсініктеме жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі