Қашықтан оқытудың әлегі басылмай тұр (видео)
Бүкіл әлемді індет жайлағаннан бастап, елдің тыныштығы кетті. Әсіресе, бұл індеттің салдары мұғалімдерге де, ата-аналар мен оқушыларға қатты әсер еткені бәрімізге аян.
Бұл жайлы кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде қалжың болсын, жылап болсын кең талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Қағазбасты болған мұғалімдер ендігі интернеттің жүйесімен де арпалысып жұмысына жұмыс қосса, ата-аналар жағы әсіресе, көпбалалы ата-аналар балаларының оқуын оқыта алмай әлек. Бірі – денсаулықты ойласа, бірі – балаларының білімі жетілдірілмей қалады ма деп көпшілікті әуре-сарсаңға түсіргені де анық. Не себепті бұл мәселе әлі күнге шешімін таппай келе жатыр? Мақаламызға дәлел ретінде әлеуметтік желіде тарап жүрген видеоға мән берсек:
Өзін көпбалалы анамын деп таныстырған азаматша «Қазіргі уақытта елімізде білім саласына қатысты не істеуге болады? Төрт оқушы балам бар. Үлкені – бітіруші сыныпта, егіздерім – 6 сыныпта, қызым – 1 сыныпта оқиды. Сабақты тәулік бойы оқумен келеміз. Оған үйімізде жағдай да жоқ. Себебі, барлық балаға жеке-жеке гаджет пен сабақ оқитын жеке бөлмелер беруге жағдай жасауға шамамыз келмейді. Сонымен қатар менің барлық сабақтан яғни, арнайы тереңдетіп оқытатын білімім жоқ. Балалардың оқуы үшін жұмысқа да шықпадым. Себебі, олардың сабағымен тәулік бойы отыруға тура келеді. Мұғалімдерді де іздеп отыру қиын. Сондай-ақ түске дейін онлайн оқимыз, түстен кейін үй тапсырмасын орындауға көшеміз. Балаларға бұл тиімсіз. Тәулік бойы оқып, бір орында отырғаннан остеохондрозға ұшырайды, көздеріне зақым келеді. Бұл үшін уақытша демалыс жариялаңыздар, не болмаса репетиторға ақша бөліңіздер. Бұл мәселені тезірек қолға алып, тиімді шешіп берулеріңізді сұраймын» деп жанайқайын айтты.
Осы секілді мәселе барлық отбасында болып жатқан жағдай десек, артық емес. Кейбір отбасында балалар онлайн тыңдағанымен, тапсырманы әке-шешесі жұмыстан келгеннен соң, түнде жіберуге мәжбүр. Білім министрлігі балалардың денсаулығының қауіпсіздігін ойлағанымен, неге білім жүйесіне нақты өзгеріс жасамайды? Неге барлық ата-ананың шақшадай басын шарадай қылған қашықтан оқыту мәселесі әлі күнге дұрыс шешімін таппай отыр? Шынын айтқанда, қашықтан оқыту мәселесі ата-анаға да, балаға да, мұғалімге де тиімсіз.
Мұғалімдердің жағдайына келсек, оларды қағазбастылыққа көмгенімен қоймай, цифрландыруды да енгізді. Осы орайда, мұғалімдерді артық жұмыстан босатып, қашықтан оқытуға біршама дайындаса, сәл де болса жеңілдік болар ма еді. Балаға дұрыс білім берілмесе, мұғалім берген білімінің дұрыс нәтижесін көрмесе оны қалай дұрыс білім алады деп айта аламыз.