Қауіпсіздікті айқындайтын басты өлшем қайсы?
Қоғамның тыныштығы мен мемлекеттің тұрақтылығы қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты тиімді құрылғанына тікелей байланысты.
Бүгінде бұл ұғым терроризм мен экстремизмнің алдын алумен ғана шектелмейді. Киберқылмыс, ақпараттық қауіп, ұйымдасқан қылмыс, стратегиялық және әлеуметтік нысандардың қорғалуы да ұлттық қауіпсіздік саясатының маңызды бөлігіне айналды. Шымкентте осы бағыттар бойынша профилактикалық және практикалық шаралар қатар жүргізіліп келеді.
Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент үшін қауіпсіздік мәселесінің салмағы айрықша. Халық санының өсуі, қаланың экономикалық белсенділігінің артуы, көлік қозғалысының қарқын алуы және адамдар көп шоғырланатын нысандардың көбеюі қауіпсіздік жүйесіне қойылатын талапты күшейтеді.
Сондықтан қаладағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты – қауіптің салдарын жоюдан бұрын оның алдын алу. Бұл үшін мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысы, халықпен тұрақты түсіндіру шаралары, қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдайға әзірлік үнемі назарда болуы қажет.
Ұлттық қауіпсіздік мәселесінде терроризм мен экстремизмнің алдын алу ерекше орын алады. Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның үйлестіруімен жүргізіледі. Комиссия отырыстарында діни ахуал, профилактикалық және оңалту жұмыстары, террористік тұрғыдан осал нысандардың қорғалуы, мемлекеттік органдардың дайындығы секілді мәселелер қаралады.
Мұндай жұмыстың басты ерекшелігі – қауіптің алдын алуға басымдық берілуі. Өйткені терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес тек құқық қорғау шараларымен шектелмейді. Оның әлеуметтік және ақпараттық себептерін ерте анықтау да маңызды.
Әсіресе жастар арасындағы алдын алу жұмысының орны бөлек. Себебі интернет кеңістігінің кеңеюі түрлі идеологиялық материалдардың таралуын жеңілдетті. Әлеуметтік желідегі күмәнді ақпаратты сын тұрғысынан бағалай алмау, жалған діни уағыздарға сену немесе радикалды идеяны қалыпты көзқарас ретінде қабылдау белгілі бір қауіптерге алып келуі мүмкін.
Осыған байланысты білім беру ұйымдарында, жастар ортасында және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұнда азаматтарға заң талаптарын түсіндірумен бірге деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілерін ажырата білу, күмәнді ақпаратқа сақтықпен қарау және интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсінік беріледі.
Бұл ретте профилактикалық жұмыстың сапасы да маңызды. Құрғақ статистика немесе жаттанды дәріс азаматтың санасына әрдайым әсер ете бермейді. Сондықтан қазіргі қауіптердің нақты мысалдарын түсіндіру, жастардың тілінде сөйлесу және әлеуметтік желідегі ақпараттық кеңістікті ескеру – алдын алу жұмысының тиімділігін арттыратын факторлардың бірі.
Қауіпсіздік жүйесінің тағы бір маңызды бөлігі – террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалуы. Адамдар көп жиналатын сауда орындары, білім беру және мәдениет нысандары, спорт кешендері мен басқа да қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауды қажет етеді. Бұл бағытта нысан басшылары мен қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, террористік қауіп туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмдері пысықталады. Мұндай дайындықтың мәні – төтенше жағдайда кімнің қандай әрекет жасайтынын алдын ала білу.
Қауіпсіздік ережесін қағаз жүзінде сақтау жеткіліксіз. Төтенше жағдай кезінде бірнеше минуттың өзі маңызды болуы мүмкін. Сондықтан оқу-жаттығу, нұсқама беру және практикалық дайындық жұмыстары жүйелі түрде өткізілуі тиіс.
Киберкеңістегі қатер де күшейіп келеді
Қазіргі кезеңде ұлттық қауіпсіздік ұғымын интернет кеңістігінен бөле қарау мүмкін емес. Цифрландыру азаматтардың өмірін жеңілдеткенімен, қылмыстың жаңа түрлерін де көбейтті. Соның бірі – интернет-алаяқтық. Шымкентте соңғы жылдары бұл бағыттағы қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Қалада полиция, мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдар тұрғындарға алаяқтық схемалары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Интернеттегі алаяқтықтың қауіптілігі – қылмыскердің жәбірленушімен бетпе-бет кездеспеуінде. Қоңырау шалушы өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе басқа мемлекеттік органның маманы ретінде таныстырып, адамның сеніміне кіруі мүмкін. Кейде азаматтарға жалған инвестициялық жобалар, жеңілдіктер немесе әлеуметтік төлемдер туралы хабарламалар жіберіледі.
Мұндай жағдайда адамның қаржылық сауаттылығы мен ақпаратты тексеру әдеті үлкен рөл атқарады. Бейтаныс адамға банк картасының деректерін, құпия кодтарды немесе электрондық қолтаңбаға қатысты мәліметтерді беру қауіпсіздік талаптарына қайшы. Демек, киберқауіпсіздік тек мамандардың міндеті емес. Қарапайым азаматтың цифрлық сауаты да жалпы қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі.
Бұл мәселе мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін қорғауға да қатысты. Қызметтердің цифрлануы артқан сайын дербес мәліметтерді сақтау, ақпараттық жүйелерді қорғау және кибершабуылдардың алдын алу мәселесі өзекті бола береді.
Шымкент сияқты ірі мегаполисте бұл бағыттағы жұмыстың маңызы жоғары. Қала экономикасында сауда, қызмет көрсету, білім беру, медицина және басқа да салалардың цифрлық жүйелерге тәуелділігі артып келеді. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қаланың жалпы тұрақтылығымен тікелей байланысты.
Сонымен бірге ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін факторлардың қатарында ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы және қару-жарақтың заңсыз айналымы да бар. Бұл бағыттағы күрес тек қылмысты анықтаумен шектелмеуі керек. Қылмыстық топтардың қалыптасуына әсер ететін әлеуметтік орта, жастар арасындағы жұмыссыздық, заңсыз табысқа қызығушылық сияқты факторлар да назардан тыс қалмағаны жөн. Сондықтан қауіпсіздік саясатының құқықтық шаралармен қатар әлеуметтік және профилактикалық тетіктерді де қамтуы маңызды.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек арнаулы немесе құқық қорғау органдарының міндеті деген түсінік бүгінде жеткіліксіз. Қауіптің сипаты өзгерген сайын оған қарсы тұрудың тәсілдері де жаңаруы керек. Шымкенттегі қауіпсіздік шараларында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына ерекше мән берілуі сондықтан. Қала әкімдігі, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, аудан әкімдіктері және басқа да құрылымдардың үйлесімді жұмысы қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мұнда ақпарат алмасудың жеделдігі ерекше маңызды. Қауіп туралы ақпарат дер кезінде тиісті органға жетіп, шешім қабылдау механизмі нақты жұмыс істеуі қажет. Оқу-жаттығулардың да маңызы осында. Теориялық дайындық пен нақты жағдайды модельдеу арқылы жауапты органдардың әрекеті пысықталады. Әсіресе терроризм қаупі, төтенше жағдай немесе басқа да күрделі сценарий кезінде әрбір қызметтің міндеті алдын ала айқын болғаны маңызды.
Қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі тек арнайы операциялармен немесе статистикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның маңызды нәтижесі – тұрғындардың күнделікті өмірінде қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасуы. Бұл мәдениет қарапайым әрекеттерден басталады: күмәнді ақпаратты таратпау, бөтен адамның өтінішімен банк деректерін бермеу, қоғамдық орында қараусыз қалған затқа бейжай қарамау, қауіп байқалған жағдайда тиісті қызметке хабарлау, заң талаптарын сақтау.
Мемлекеттік органдардың міндеті – осы жауапкершілікті азаматтың мойнына ғана артып қоймай, оған қажетті жағдай жасау. Халыққа түсінікті ақпарат беру, қауіпсіздік талаптарын қолжетімді тілде түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру – профилактикалық саясаттың ажырамас бөлігі.
Шымкент үшін бұл мәселенің маңызы қаланың көлемі мен әлеуметтік-экономикалық белсенділігіне байланысты одан әрі арта береді. Сондықтан қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік шаралардың нәтижелілігі мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігіне де байланысты.
Қауіпсіз қала – тек тәртіп сақшылары бақылап отырған қала емес. Қауіпсіз қала – тұрғындары заңды құрметтейтін, қатерді дер кезінде байқап, оған дұрыс әрекет ете алатын, ал мемлекеттік органдары кез келген жағдайға алдын ала дайын қоғам. Шымкенттегі қауіпсіздік саясатының түпкі мәні де осындай орта қалыптастыруға келіп тіреледі.
Жігер Әшім
Шымкент қаласы