Қазақ қазақ болып оянған күн!
Бұ қазақ не көрмеген... Тарих жүлгегіне көз жүгіртсек, халқымыздың небір қиямет-қайымды бастан кешіп, мың өліп, мың тірілгенін, қыл көпірден өткенін байқар едік.
Жаугершілік, басқыншылық, қуғын-сүргін, ашаршылық, үркіншілік... Қырылды. Баудай түсті. Ашықты. Босты. Бірақ бәрінен аман қалды. Елдігін сақтады.Кіндік қаны тамған жерде ошақ қазды, шаңырақ көтерді. Өсті.Өркендеді. Тамырланды. Бұл – Алаш баласының жүріп өткен жолы.
Айтқымыз келгені өткенді қопарып, қамығу емес. Тілге тиек етсек дегеніміз – қазақ «қазақ»деген өз атынан айырылып, «қырғыз-қайсақ» не болмаса «қырғыз» деп атанғаны жөнінде болмақ. Патшалық Ресейдің қазаққа істемегені бар ма?! Соның бірі – ұлтымызды қазақ деп атамай, «қырғыз» деп қорлауы. Алла берген өз атыңды өзгеге телу – бұл басыну. Тұтас ұлтты тарих бетінен сызып тастауға арналған зымияндық саясат. Ресей қазаққа басқыншылық жасап, өзіне зорлап (өз еркімен емес) қосып алған кезден Қазан төңкерісіне дейінгі аралықта патша өкіметінің құжаттарында қазақтың аты бұрмаланып «қырғыз» деп жазылып келгені белгілі. Былайшаайтқанда, әдебиетте, тарихи жазбаларда,құжаттарда «қырғыз-қайсақ» немесе «қырғыз» деген атауқалыптасты. Бұл патшалық Ресей тұсында болған әлімжеттік деп қабылдасақ, кешегі кеңестік елдің алғашқы кезеңінде де бұл сол қалпы сақталды.
Ең сорақысы– 1920 жылы 16 маусымда РКФСР құрамында құрылған автономиялыққазақ республикасы Қырғыз АвтономиялықКеңестік Социалистік Республикасы деген атау алуы. Бұл қазақты табанға салып езудің, масқаралаудың ең биік шегі еді. Алайда Алаштың арда ұлдары араласып, қазақтың «қазақ» деген атын өзіне қайтармағанда, «қырғыз» болып қашанға дейін жүрер едік?! Белгісіз. Рас, өткен ғасырдың басындағы зиялыларымыз қазақтың ел болуы үшін, аман болуы үшін, бостан болуы үшін жан берді, жан алысты. Күресті. Тартысты. Қайсыбірі Алашорданың сапында, екінші бірі кеңестік, большевиктің құрамында болғанымен, екі жақтың да түпкі мақсаты біреу, ол – қазақтың азат, өз қолы өз аузына жеткен ел болуы еді. Содан болар, Алашарыстары да, кеңестік идеологияға сенген, қазақтан шыққан «қызыл сұңқарлар» да түбі бір идеяға келгенде мүдделері тоқайласыпжатты. Оның бір дәлелі – қазаққа сырттан қамыт боп киілген, «қырғыз» дегенатауды алып тастау үшін болған тартыс.
Әу баста Міржақып Дулатов бастап, Алаштың өзге арыстары қолдап,бұл мәселеге араласты. Мақала жазды, айтты, түсіндірді. Мұны араға уақыт салып барып «қызыл сұңқарлар» іліп әкетіп, мәселеге нүкте қойды. «Кешегі қара күндерде,Жұлдызсыз, айсызтүндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде» іске билік тұтқасын (халық комиссарлар советініңтөрағасы) ұстаған, Алаштың аяулы азаматы Сәкен Сейфуллин тікелейараласты. Пәрмен етті. «Қазақты «қазақ»дейік, қатені түзетейік» деген мақаласы 1923 жылы 15 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» басылымында жарық көрді. Онда: «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» депкеледі. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, Палкан, киргиздан дажамансың!» дейтін болды. Қазақтың бір қылығын жақтырмаса, «белгілі енді, киргизболған соң, қайтуші еді» дейтін болды. Ендіол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ табір, басқа халық та бір. Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап,қоймастан «қазақ, қазақ» дегенді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріпүйретуі керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ»деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек», – деп жазды. Дәл сол кезде болмаса да, араға уақыт салып, яғни 1925 жылысәуірде өткен советтердің V съезінде бұлмәселе шешімін тапты. Нақтылай түсетін болсақ, 19 сәуірде қазақ«қырғыз» деген атаудан құтылып, «қазақ» деген өзінің киелі атымен мәңгігеқауышты. Еске сала кететін бір жайт, Ақмешітте (қазіргі Қызылорда) өткен мәжілістеСұлтанбек Қожанов осы мәселені көтеріп, қазаққа «қазақ» деген төл атын қайтарып берді.
Дегенмен сол съездің орысша мәтінінде«казаки», «Казакстан» деп жазылыпкетіп, ол тек 1936 жылы 9 ақпандағыҚАССР орталық атқару комитеті президиумының қаулысымен орыс тілінде «казахи» және «Казахстан» деп дұрыс жазылды.
Осы тұста айта кететін бір жайт, СәкенСейфуллин билік тізгіні қолында тұрған кезде соны пайдаланып, қазақтың тілін мемлекеттік тіл етуге тырысты. «Қазақтың тілі мемлекеттік тіл, кеңсе тілі болуы керек, барлық құжат сол тілде жазылсын» дегенді айтты. Содан болар, 1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерінқазақ тілінде жүргізу жөнінде Қазақстанорталық атқару комитеті шешім қабылдады.Әрине, бұл жеке әңгіме. Айтқымыз келгені – осы, яғни 19 сәуір қазақ үшін айтулы датаның бірі болып қалуы тиіс деген ой еді.
Сейсен ӘМІР-БЕК