Әлеумет

 Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы Зұлқия Жұматова өмірден өтті

Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы Зұлқия Жұматова қайтыс болды

Фото ашық дереккөз

Қазақ телевизиясының негізін қалаушылардың бірі, белгілі диктор Зұлқия Жұматова 107 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды телевизия саласының маманы Сәуле Жиреншина әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Зұлқия Жұматова 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол 15 жасында анасынан айырылып, сегіз баланың үлкені ретінде бауырларына қамқор болған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында зауытта жұмыс істеген.

1958 жылы Алматыда алғашқы телестудия ашылған кезде дикторлар байқауына қатысып, 750 үміткердің арасынан іріктеліп шыққан.

Сол жылдың 8 наурызында Зұлқия Жұматова Нелли Омаровамен бірге қазақ телевизиясының алғашқы эфирін ашқан. Ол көрермендерге «Кеш жарық!» деп тіл қатып, қазақ тіліндегі телевизиялық хабар тарату тарихының бастауында тұрды.

Зұлқия Жұматова 1958-1970 жылдары Қазақ телевизиясында еңбек етіп, жаңалықтар мен түрлі бағдарламаларды жүргізген. Қызмет барысында жазушы Мұхтар Әуезовтен де сұхбат алған.

Телевизиядан бөлек, балалар әдебиетімен айналысып, өлеңдер мен ертегілер жазған. Оның «Бөбегім» атты бесік жырына композитор Бақытжан Байқадамов ән шығарған. Әнді Жамал Омарова орындаған.

Сондай-ақ Зұлқия Жұматованың мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Мараттың таңдауы» кітабы 200 мың данамен жарық көрген.

2026 жылғы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық журналистика мен телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін Зұлқия Жұматованы «Құрмет» орденімен марапаттаған.

Зұлқия Жұматова 106 жасында дүниеден өтті. Ол қазақ телевизиясының алғашқы буын өкілдерінің бірі ретінде отандық журналистика тарихында қалды.

Сайт Әкімшілігі