Оқиғалар

Қазақстан атом энергетикасын дамытуда экологиялық қауіпсіздікке басымдық бермек

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі атом энергетикасының қуатын үш есеге арттыру жөніндегі халықаралық бастаманы қолдайтынын растады.

Фото ашық дереккөз

 Бұл туралы COP31 климаттық конференциясында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатымен байланысты.

Қазақстан 2027 жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Станцияның жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі энергоблоктан тұруы көзделген. Сонымен қатар екінші атом электр станциясына қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға қажетті шикізаттық әлеуеті де жоғары. 2025 жылы елімізде 25,8 мың тонна уран өндірілген. Бұл әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызын құрайды.

Атом энергетикасын дамыту барысында білікті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және заманауи технологияларды енгізу маңызды міндеттердің бірі болмақ.

Министрлік атом нысандарын салу мен пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстарын қорғау және қоршаған ортаның жағдайын тұрақты бақылау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ халықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуіне ерекше мән берілмек.

Сайт Әкімшілігі